Арал теңізі трагедиясы: Қазақстан экологиялық саммит өткізеді

Мейірман Лес
Ақорда

Қазақстан 2026 жылы экологиялық саммит өткізеді. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы БҰҰ өңірлік орталығында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тоқаев Астанадағы БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша өңірлік орталығында сөйлеген сөзінде Орталық Азиядағы ең өзекті экологиялық проблемаларға тоқталып, оларды бірлесіп шешудің маңызын айтты.

– Арал теңізіндегі экологиялық дағдарыс пен Каспий теңізінің тартылуы – баршаға ортақ алаңдаушылық туғызып отырған, тұтас өңірдің экожүйесіне тікелей әсер ететін түйткілдер. Бұл мәселелерге тек ұлттық деңгейде емес, өңірлік және жаһандық деңгейде қарау қажет. Осы ретте Қазақстан өңірлік ынтымақтастықты күшейтіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымдарын кеңінен тартуды қолдайды, – деді президент.

Оның айтуынша, табиғаттың тепе-теңдігін сақтау үшін нақты іс-қимыл қажет.

– Біз келесі жылдың сәуір айында Астанада БҰҰ агенттіктерімен бірлесіп Өңірлік экологиялық саммит өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – өзара тәжірибе алмасып, ұзақмерзімді экологиялық стратегияларды үйлестіруге бағытталған маңызды алаң болады, – деп мәлімдеді Тоқаев.

АНЫҚТАМА

Арал теңізі — XX ғасырда әлемдегі төртінші ірі көл болған. Кеңестік кезеңде суармалы жерлерді ұлғайту үшін Әмудария мен Сырдария өзендерінің арналары бұрылған соң, теңіз көлемі күрт азайып, экологиялық апат аймағына айналды.

Каспий теңізі — әлемдегі ең ірі тұйық су айдыны. Кейінгі жылдары су деңгейінің тұрақты түрде төмендеуі теңіз жағалауларындағы биоәртүрлілікке, балық шаруашылығына және инфрақұрылымға кесірін тигізіп отыр.

Бұл экожүйелік өзгерістер климаттың жаһандық өзгеруімен қатар, өңірлік экономикалық және әлеуметтік тұрақтылыққа да қауіп төндіріп отыр.

Сарапшылардың пікірінше, бұл мәселелерді шешу үшін ғылыми зерттеулер, технологиялық жаңалықтар және халықаралық ұйымдардың қолдауы шешуші рөл атқарады.