Ресейге жұмыс істеуге кетіп, Украинадағы соғыста қаза болған қазақстандық Кирилл Нысанбаевтың туыстары оны Ресей қорғаныс министрлігі азаптап, қысым жасап соғысқа алып кетті дейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Азаттық Азияның жазуынша, Кирилл Нысанбаев отбасымен бірге Рудный қаласында тұрған. Ол Ресейге 2023 жылдың күзінде табыс табу үшін кеткен, себебі Қазақстанда жұмыс таба алмаған. Басында бәрі жақсы болған, ол өндіріске жұмысқа орналасқан. Бірақ көп ұзамай оны көші-қон ережелерін бұзғаны үшін ұстап, Челябинскідегі шетелдіктерді уақытша ұстау орталығына қамаған. Полиция жәбірленуші жауабына сілтеп, оған қарақшылық шабуыл жасаған қылмыскерге ұқсайтынын айтқан.
«КЕЛІСІМШАРТҚА ҚОЛ ҚОЮҒА МӘЖБҮРЛЕГЕН»
Әпкесі Камилла Нысанбаеваның сөзінше, Кириллды депортация жасаймыз деп қорқытып, Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеген. Кирилл азапталғанын айтқан. Ол келіскен. Оны алдыңғы шепке жіберген. Бастапқыда байланысып тұрған. Бірақ 2025 жылы 2 наурыздан бастап байланыс үзілген.
Отбасы алған құжаттарға сәйкес, Кирилл Нысанбаев 7 наурызда қаза болған. Ресей әскерилері Кирилл болған барлау бөлімін Украина дрондармен атқылаған болуы мүмкін деген. Нысанбаев алған жарақаттан көп мөлшерде қан жоғалтып, көз жұмған.
– Мәйітті тану ешнәрсе болған жоқ. Мырыш табыт болды. Себебі мәйіт наурыздан бері жатқан. Біз табытты көрген кезде онымен бірге катафалкамен кетіп қалғымыз келді. Бірақ бұзылып бара жатқан мәйіт иісіне байланысты біз анам екеуміз ол жерде отыра алмадық. Бізге берген Кириллдың киімдерінде де дәл сондай иіс болды. Бізге оны танығанымыз туралы түбіртек берді. Оны әскери басшылары таныған. Онымен бірге құжаттары болған: Қазақстан төлқұжаты, карта, суреттері. Қазақстандық ер адамдарға Ресейден өзге кез келген елге барыңыздар деп айтқым келеді. Себебі ол жақта сен кімсің, қай елдің азаматысың қарамайды. Көптеген қазақстандықтар Ресейге өз еркімен барады. Сосын осындай жағдай болды деп шағымданады. Бармаңдар деп ескерткім келеді, – дейді Кирилл Нысанбаевтың әпкесі.
Оның сөзінше, отбасы Кириллды Қазақстанға алып келіп жерлегісі келген. Бірақ бұл жақта оның үстінен соғысқа қатысқаны үшін қылмыстық іс қозғалғандықтан Ресейде жерлеуді ұйғарған.