Қазақстанда медициналық қызметтер қымбаттап жатыр

Ulysmedia
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстанда ақылы медициналық қызметтердің бағасы өсіп келеді. Energyprom сарапшыларының мәліметінше, дәрігердің қаралуына жазылу 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22%-ға қымбаттаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жыл басынан бері ақылы медициналық қызметтер 16,1%-ға қымбаттаған. Ең көп өскен баға – анализдер мен тексерулерге (+21,5%), сондай-ақ алғашқы дәрігерлік қабылдауға (+19,5%) қатысты. Сонымен қатар, дәрігер мамандардың кеңесі – 8,6%-ға, стоматологиялық қызметтер – 12%-ға өскен.

Жеке клиникалардың табысы артқан

Жекеменшік медициналық клиникалар табыстары едәуір артқан. Жекеменшік стоматологиялардың табысы 48,9%-ға өскен. Басқа да коммерциялық медқызметтерден түскен табыс 26,1%-ға көбейген. Халық медициналық қызметтерге бұрынғыдан да көп ақша жұмсап жатыр. Energyprom сарапшыларының жаңа реформалар медициналық қызметтерге кететін шығындарды қысқарта алған жоқ дейді. Керісінше, халық шығыны арта түскен.

2025 жылдың бірінші тоқсанында отбасылардың ақылы медициналық қызметтерге жұмсаған қаржысы 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,3%-ға өскен. Бір адамға шаққанда тоқсандық орташа шығын — 4,6 мың теңге болған (бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 3,6 мың теңгеболған).

Аймақтар бойынша айырмашылық үлкен:

Шымкент – жан басына шаққандағы шығын 1,3 мың теңге (ең төмен көрсеткіш),

Астана – 8,9 мың теңге,

Қарағанды облысы – 9,8 мың теңге (ел бойынша ең жоғары көрсеткіштер).

Стоматология – ең қымбат сала

Медициналық қызмет түрлерінің ішінде стоматологиялық қызметтер ең қымбат: бір жыл ішінде олардың құны 26,1%-ға артқан. Ал ауруханалардағы ақылы емдеу қызметтері тіпті 1,5 есеге (54,1%) өскен.

Бұл тек бастамасы ғана

Energyprom мәліметіне сәйкес, 2026 жылдан бастап Қазақстанда медициналық қызметтер бұдан да қымбаттай түсуі мүмкін. Сондықтан тұрғындардың медициналық қызметтерге деген қаржылық жүктемесі алдағы уақытта да артуы ықтимал.