«Хочу жить» жобасы Ресей қанша қырғыз азаматын соғысқа тартқанын жариялады

Ulysmedia
Көрнекі сурет. Фото: economist.kg

Украинаның «Хочу жить» жобасы Ресей армиясымен шартқа отырған Қырғызстан азаматтары туралы дерек жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әскери тұтқындар мәселесі жөніндегі үйлестіру штабының «Хочу жить» жобасы биыл жыл басынан бері кемі 327 Қырғызстан азаматы Ресей әскерімен шартқа отырғанын айтады.

«Іс жүзінде бұл сан одан жоғары болуы ықтимал, өйткені тізімде тек Қырғызстан азаматтары көрсетілген. Онда осы елден шыққан, бірақ қазір Ресей азаматтығында жүргендер жоқ» дейді «Хочу жить» жобасы.

Сәуір айында «Хочу жить» 2023-2024 жылдары Ресей әскеріне жалданған 360 қырғыз азаматының тізімін жариялаған.

Украиналық жоба 57 жастағы қырғыз азаматы Әлішер Тұрсыновты мысал еткен. Ол 2024 жылы Ресейдің Рязань қаласына баласын көріп қайту үшін барған. Полицейлер оны дүкен маңынан ұстап алып, полиция бөліміне апарған да, ол жақта ұрып-соққан, келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеген. Санаулы күнде ол Луганск облысындағы майданнан бір-ақ шыққан

Украиналық жоба осыған дейін Ресей әскері Украинадағы соғысқа жалдаған Қазақстан және Өзбекстан азаматтарының тізімін жариялаған.

Жобаның дерегінше, Украина әскеріне тұтқынға түскен шетелдіктер арасында Өзбекстан азаматтары бірінші орында. Биыл кемі 902 Өзбекстан азаматы Ресей әскерімен шарт жасасқан.

Екі апта бұрын «Хочу жить» 2025 жылдың басынан бері Ресей әскеріне жалданған 500-ден астам Қазақстан азаматының тізімін жариялады. Жобаның көктемде мәлім еткен тізімінде 661қазақстандық болған.