Мұнай бағасы тағы 10 долларға арзандаса Ресей соғысты тоқтатуға мәжбүр болады

Ulysmedia
фото: Ашық дереккөзден

АҚШ президенті Дональд Трамп мұнай бағасының арзандауы Ресейді Украинаға қарсы соғысты тоқтатуға мәжбүрлейді деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Трамптың сөзінше, Ресей экономикасының жағдайы өте нашар. Сол себепті де мұнайдың арзандауы соғысқа әсер етеді.

«Егер мұнай қатты арзандаса, Путин адам өлтіруін тоқтатады. Егер мұнайдың баррелі тағы 10 долларға арзандаса, онда таңдау да қалмайды, себебі [Ресей] экономикасының ахуалы өте нашар»— деді ол CNBC News арнасының эфирінде.

Бұдан бөлек, Трамп егер Үндістан Ресей мұнайынан бас тартпаса, баж салығын көбейтетінін айтты. Сонымен қатар, Брюссель АҚШ алдындағы экономикалық міндеттемелерін орындамаса Еуроодаққа 35 пайыздық баж салығын енгізетінін мәлімдеді.

Мұнай бағасының арзандауы және санкция

5 тамызда Brent маркалы мұнайдың бір баррелі Лондонның ICE биржасында 68 доллардан сатылды. Бұл кейінгі бір аптадағы ең төменгі көрсеткіш. ОПЕК+ елдері қыркүйектен бастап мұнай өндірісін арттыруды жоспарлап отыр. Дональд Трамп Мәскеуге атысты тоқтатуға 8 тамызға дейін уақыт берген. Өйтпеген жағдайда Ресейге қарсы санкция салатынын ескерткен.

Reuters мәліметінше, Владимир Путин Трамптың талаптарына тіке жауап бермесе де, Вашингтонмен қарым-қатынастың нашарлауының салдарын түсінеді, бірақ әскери мақсатқа басымдық береді.