Путин мен Трамптың арнайы өкілдері Кремльде кездесті

Ulysmedia
Фото: censor.net

Путин мен Трамптың арнайы өкілдері Мәскеуде кездесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Мәскеуге барды. Ол онда Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриевпен кездесті. Олардың Кремль саябағында кетіп бара жатқан видеосын Ресейдің мемлекеттік телеарналары көрсетті.

Стив Уиткоффтың ұшағы Мәскеудің Внуково әуежайына бүгін таңертең қонған. Ол бүгін президент Владимир Путинмен кездеседі деген болжам бар. Бірақ кездесуді Кремль тарапы әлі растаған жоқ.

Уиткофф Мәскеуге Дональд Трамптың Ресейге атысты тоқтату туралы қойған ультиматумы аяқталар тұста барып отыр. Трамп Кремльге 8 тамызға дейін уақыт берген. Атысты тоқтатпаған жағдайда Ресеймен сауда-саттық жасайтын елдердың тауарларына жүз пайыздық баж салығын салатынын ескерткен.

Трамптың ультиматумы

Трамп сейсенбіде журналистерге түпкілікті шешім Уиткофф Мәскеуден оралғаннан кейін қабылданатынын айтқан. Ол Украинадағы соғысты тоқтатуға әлі де үмітті.

«Кейінгі бес айда бес соғысты тоқтаттым. Алтыншысы осы боларын қалап едім», – деді ол журналистерге.

АҚШ Ресей мен Украинадан атысты ешқандай шартсыз тоқтатуды талап етіп келеді. Украина президенті Владимир Зеленский оған дайын екенін айтқан. Ресей атысты тоқтату үшін бірқатар талап қойған. Оның ішінде атыс тоқтаған уақытта Украинаға қару-жарақ жеткізбеу туралы да талап бар.

Сарапшылар Владимир Путин Ресей әскері кірген Украина аумақтарын толықтай басып алмайынша соғысты тоқтатпайды деген пікір айтқан.