Шымкент әкімі Руслан Берденовке «қастандық ісі» бойынша сот отырысында куәлерден жауап алу басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Сотта куә Арай Қамытбекова сол күні әкімдік алдында мылтық атылғаннан кейін полиция шақырған. Ол сол күнгі оқиғаны былай деп сипаттады:
«Бұл кісі сол адамдарға қарата оқ атты. Бірінші оқ атылғанда мен бірден 102 батырмасын басып, полиция қызметкерлеріне баяндадым, осындай-осындай әкімдік алдында деп. Сол баяндап жатқанда уақытта үш-төрт рет тағы да оқ атылды. Ол кезде классика киінген кісі жүгіріп жүрді. Бұл кісі артынан қуалап жүрді. Сол кезде машинада бір ер кісі болды. Сол кісі бұл кісіні тартып құлатты жерге. Бұл кісі құлағаннан кейін уже менің құрбым жүгірді сол жаққа қарай. Мен 102 қызметкеріне түсіндіре алмай жатырмын. Олар сұрақ қоя бастады. Мен трубканы қоямын. Бұл кісіні әкімдіктен шыққан кісілер жерге жатқан жерінде теріс қаратып ұстап тұр екен. Жерде жарақаттанып жатқан кісіге барамын. Сол кісінің алдында отырамын. Сол кезде бір естіген сөзім «ол менің туған әйелім еді ғой» деді ме сондай сөз шықты. «Сенің кесіріңнен мен қазір соттан келе жатырмын» деді немесе «сотқа шағымданып жатырмын» деді. Бұл кісіні күштеп жатқан кезде «өлтіремін» деп сол кісіге қарай оқталып, орнынан тұрмақшы болды. Үш-төрт кісі бұл кісіні ұстап тұрды. Сол аралықта полиция қызметкерлері келді», – деді ол.
Қызғаныш және балағат сөз
Бұған дейін сот күдікті Ернар Жиембайдан жауап алған. Ол Руслан Берденовқа мылтық атуына қызметтінің ешқандай қатысы жоған айтқан. Ол Берденов әйеліне қырындап, «Сен сұлусың» деген смс жазып, фотосына лайк басқанын айтты.
— Бір күні әйелімнің телефонына «Сен сұлусың» деген хабарлама келді. Ол хабарламаны Берденов жіберіпті. Кейін суретіне лайк қойғанын да көрдім, - деді ол сотта.
Бұған дейін прокурор «күдікті өзінің жұмыстан айырылатынын білгеннен кейін «кек алу»мақсатында оқ атты» деп айтқан еді. Ернар Жиембай сотта өзіне тағылған «Адам өлтіруге оқталу» бабымен келіспейтінін, аңшы мылтығымен шенеунікті әншейін қорқытқысы келгенін, өлтіруге оқталмағанын айтты.
Сотқа Руслан Берденовтің өзі қатысып жатқан жоқ. Қорғаушылары оның ем қабылдап жатқанын айтып, соттан істі оның қатысуынсыз өткізе беруді сұраған. Жиембайдың адвокаттары Берденовке сұрақтары бар екенін ескертіп, соттан оны онлайн болса да қатыстыруды өтінген.
21 сәуірде Шымкент қалалық әкімдігінің алдында Руслан Берденовке оқ атылғаны жөнінде ақпарат тараған. Кейіннен оқ атқан «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС басшысы Ернар Жиембай екені айтылған.