Шығыс Қазақстан облысында су құбырын тарту жұмыстары кезінде бір жұмысшы қаза болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында 1981 жылғы трактор жүргізушісі су құбырын тарту жұмыстары кезінде техникасымен бірге қазылған шұңқырға құлап, оқиға орнында көз жұмды. Құбыр жұмыстарымен «ТМ Тепломир» ЖШС компаниясы айналысқан.
Облыс әкімдігі таратқан ақпаратқа қарағанда, оқиға орнынан облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов барған. Ол құбыр тартумен айналысып жатқан компания жұмысын тексеруге тапсырма берген.
«Қауіпсіздік техникасы талаптарының бұзылғаны анықталған жағдайда кінәлілер жауапқа тартылатын болады. Біздің мұндай жағдайларды назардан тыс қалдыруға құқығымыз жоқ. Оқиғаның нақты себептері анықталуы керек», – деген облыс әкімі.
Қаза болған жұмысшының артында төрт баласы қалған. Жергілікті әкімдік отбасына көмектесуге уәде берген.