Шымкент-Қызылсай темір жол бағытында жүк көлігі мен тепловоз соқтығысты

Ulysmedia
Фото: Ашық дереккөзден

Шымкент-Қызылсай темір жол бағытында автокөлік пен тепловоз соқтығысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

«Қазақстан темір жолы» компаниясының мәліметінше, оқиға Шымкент-Қызылсай темір жолында 8 тамыз таңғы 04:30-да болған. Өткелде HOWO жүк көлігі мен тепловоз соқтығысқан.

«Жол көлік апаты пойыздардың графигіне әсер етті. Үш жолаушылар пойызы уақытша тоқтады. 07:18-де көлік қозғалысы толықтай қалпына келтірілді», – делінген компания мәлімдемесінде.

Алдын ала болжам бойынша, апатқа жүк көлік жүргізушісі кінәлі. Ол жол ережесін бұзып, темір жол өткелінен өтпек болған. Апаттан қаза тапқандар жоқ. HOWO жүргізушісі ауруханаға жеткізілген.