Ресей президенті әкімшілігі басшысының орынбасары, Владимир Путиннің жақын серіктерінің бірі Дмитрий Козак Путинге Украинадағы соғысты тоқтатып, бейбіт келіссөз бастау жайлы ұсыныс жасаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
The New York Times басылымы Кремльге жақын бірнеше дереккөзге сүйеніп, Дмитрий Козактың Владимир Путинге Украинадағы соғысты тоқтатып, бейбіт келіссөз бастау туралы ұсыныстар жасағанын жазды.
Дереккөздердің айтуынша, Козак Путинге соғысты тоқтатудан бөлек, Ресейде реформалар жүргізуді де ұсынған. Атап айтқанда, ол күштік құрылымдарға бақылауды күшейту және тәуелсіз сот жүйесін құру қажеттігін айтқан.
Бұдан бөлек, Ресей Украинаға басып кірмей тұрып, Козак Путинді ондай соғыстың салдары қандай болатынын, украина армиясы мен қоғамы қатаң қарсылық көрсететінін ескерткен. Соғыс басталған соң бітімге келу туралы ұсыныс айтқан. Бірақ Путин оны қабылдамаған. Бірақ осыған қарамастан Козак Путинге жолығу мүмкіндігінен айырылмаған. Ол Батыс елдерінің өкілдерімен де бейресми кездесулерге қатысып келеді.
Батыстағы дереккөздердің айтуынша, Козак өзі сөйлескен шетел өкілдерінен Путинді қазіргі бағытынан өзгертуге және соғысты тоқтатуға көндіруге көмектесетін уәждер мен ұсыныстар бар ма деп бірнеше рет сұраған.
Ықпалынан айырылған саясаткер
Ұзақ уақыт бойы маңызды мемлекеттік жобалар мен өңірлерді қадағалаған Козак кейінгі кезде Кремльдегі ықпалынан біртіндеп айырыла бастаған. Ол атқарған өкілеттіктердің көбі Украинаға байланысты қатаң ұстанымды қолдайтын және оккупацияланған аумақтарды басқаруға белсенді араласып жүрген Сергей Кириенкоға өткен. Соған қарамастан, Козак Украинадағы соғысқа жеке басы қарсы адам ретінде белгілі Ресейдің санаулы жоғары лауазымды тұлғаларының бірі болып қалып отыр.
Балама күш
Сарапшылар Путиннің маңайында қатаң бағытты ұстанатындар басым болғандықтан, Кремль шешімдеріне Козактың ықпалы шектеулі деп есептейді. The New York Times жазуынша, оның соғысты тоқтату жөніндегі үндеуі Ресей билігінде қақтығысты бейбіт жолмен шешуді қолдайтын күштер бар екенін көрсетеді.