АҚШ билігі депортациялаған Қырғызстан азаматтары Бішкекке қайтарылды

Ulysmedia
Фото: kaktus.media

АҚШ билігі депортациялаған Қырғызстан азаматтары Бішкекке қайтарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

АҚШ көші-қон заңнамасын бұзды деп айыпталып, депортацияланған 25 қырғыз азаматы 9 тамыз күні арнайы рейспен Бішкекке қайтарылды. Бұл туралы Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі ресми түрде хабарлады.

Министрлік дерегінше, депортацияланған азаматтарға АҚШ-қа кіруге 5, 10, 15 жылға немесе өмір бойына тыйым салынуы мүмкін. Сонымен қатар, АҚШ-қа заңсыз түрде қайта кіруге әрекеттену қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

"АҚШ аумағында заңсыз жүрген Қырғыз Республикасының азаматтарын елден өз еркімен кетуге шақырамыз", — делінген Қырғызстан СІМ хабарламасында.

45 адамға қатысты шешім шыққан

Бұған дейін Қырғызстанның АҚШ-тағы елшісі Айбек Молдоғазиев Америка Құрама Штаттарының билігі 45 қырғыз азаматын елден шығаруға шешім қабылдағанын мәлімдеген болатын. Осыған байланысты елші отандастарына үндеу жасап, көші-қон заңдарын қатаң сақтауға шақырды.

"АҚШ ішкі қауіпсіздік департаментінің мәліметінше, соңғы жылдары қырғыз азаматтары визалық режимді жиі бұзатын болған. Осыған орай барлық отандастарды визалық талаптарды орындауға шақырамыз", — деді елші.

Виза беру тәртібі де өзгерді

2025 жылдың шілде айында АҚШ Мемлекеттік департаменті Қырғызстан азаматтарына берілетін иммиграциялық емес визалардың мерзімін қысқартқанын хабарлады. Бұрын B-1/B-2 визалары 10 жылға дейінгі мерзімге берілсе, енді бұл тек 3 айлық мерзімге және бір реттік кіруге ғана жарамды.

Бұл шешім АҚШ президенті Дональд Трамптың "АҚШ-ты шетелдік лаңкестер мен басқа да ұлттық қауіптерден қорғау" туралы жарлығына сәйкес қабылданған.

Маусым айында Трамп әкімшілігі 12 елдің азаматтарына АҚШ-қа келуге толық тыйым салып, тағы 7 елге қатысты қосымша шектеулер енгізді. Маусымның ортасында Қырғызстан да визалық шектеу енгізілетін 36 елдің тізіміне енгені туралы ақпарат пайда болды. Осыдан кейін Қырғызстан СІМ АҚШ-тың Бішкектегі елшілігімен келіссөздер жүргізген.