Украинаның мемлекеттік «Хочу жить» жобасы Ресей қорғаныс министрлігімен жасасқан шарт мерзімі аяқталса да Украинаға қарсы Ресей жағында соғысып жүрген Орталық Азия елдерінің 1257 азаматы барын анықтаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
12 тамызда «Хочу жить» жобасы шарт мерзімі аяқталса да Ресей армиясы жібермей жатқан өзге елдің азаматтарының рейтингін жариялады. Ол бойынша бірінші орында Өзбекстан тұр. «Хочу жить» мәліметінше, шарт мерзімі өтіп кеткен 426 өзбек азаматы Ресей армиясы қатарында әлі соғысып жүр.
Бұдан өзге, шарты аяқталса да Ресей қарулы күштері қатарында жүрген Тәжікстанның 367, Қазақстанның 241, Қырғызстанның 155, Түркіменстанның 68 азаматы бар.
«Ресей қорғаныс министрігімен шарт жасасу – бірбағытты билетпен пара-пар. Ресей келісімшарты аяқталған шетел жалдамалыларын жібермей жатыр. Дереккөздеріміз арқылы әлемнің 86 елінен Ресей қарулы күштерімен келісімшарттары біткен, бірақ автоматты түрде ұзартылатын 3000-нан астам шетелдік жалдамалылардың аты-жөні туралы ақпарат пен тізім алдық. Осы жалдамалылар Ресей әскерінен заңды түрде кетеміз деп үміттенген болса, мұны қабірде немесе аяқ-қолдан айырылған кезде жасайды», – деп жазды «Хочу жить» жобасы.
Контекст
Ресейге Орталық Азиядан жұмыс іздеп барған еңбек мигранттарын Ресей Украинадағы соғысқа күштеп немесе жалақы мен азаматтық береміз деген уәдемен жіберіп жатқаны жөнінде құқық қорғаушылар бірнеше мәрте мәлімдеген. БАҚ-та соғысқа кеткендердің туыстары араша сұраған оқиғалар ауық-ауық жарияланып тұрады.
Орталық Азия елдерінде шетелдегі қақтығыстарға қатысу қылмыс болып саналады, бірақ соғысқа қатысқандардың кейбірі ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылады немесе 4-5 жылға дейін жаза алады.