«Назарбаевтың туыстарынан неге талап етпейсіз?»: вице-премьер Жұманғарин салық реформасын болашаққа қарап жасап жатыр

Сырым Қаржас
ulysmedia коллажы

Премьер-министрдің орынбасары әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бюджет тапшылығы барын жоққа шығарды. Ол жаңа салық реформасы бюджеттегі тапшылыққа байланысты емес екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Мән-жай

Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Серік Жұманғарин журналистер сұрағына жауап берді. Ол бюджет тапшылығын жоққа шығарды. Сөзінше, салық реформасы болашаққа қарап жасалып жатыр.

«Ертең жұмысты жалғастыру үшін мемлекеттік қаржыны тұрақтандыру керек. Сол себепті біз салық реформасын жасадық. Бюджеттік реформа жасадық. Оның негізі бюджеттің тапшылығы, жыртығы емес. Кім айтты сізге ондай бар деп. Болашаққа қарап жасап жатырмыз біздер. Себебі біраз жеңілдік берік кезінде. Тіпті бизнес ұйымдар, азаматтарымыз салық төлеуді ұмытқан кезінде», – деді Жұманғарин.

Вице-премьер журналистердің «Өзіңіз білесіз, шетелге қаншама қаражат шығып кетті. Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары бәрін алып шыққан. Неге сол кісілерден бүгінгі күнге дейін талап етпейсіз? Қазір салықты көтеріп едіңіздер, халыққа, кәсіпкерлерге ауыртпашылығын тигізіп отыр» деген сұрағына нақты жауап бере алмады.

«Біздер ешкімді бөлмейміз, жаңа сіз айтқан бүкіл адамдарды. Бізге айырмашылық жоқ. Кім болса да салық төлеуі керек, болды. Олигарх болса да, қарапайым адам болса да табысы болса салық төлеуі керек», – деді ол.

Қазақстанда шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға байланысты дау көп. Азаматтық қоғам өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар активтерді қайтару баяу әрі жабық жағдайда жүріп жатқанын айтады. Кейінгі отыз жылда есепсіз байыған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев туыстары төңірегінде дау көп. Олардың активтерінің шығу тарихын тексеруге қатысты мәселеде қоғамда жиі айтылады.