Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан АҚШ-та өткен Путин мен Трамптың кездесуін сараптап, оның ресми сипат алмағанын және нақты нәтижеге жеткізбегенін атап өтті. Сарапшының пікірінше, бұл кездесу Қазақстан үшін де маңызды. Өйткені "еліміздің әрі қарайғы даму бағыты қазіргі геосаяси ахуалға тәуелді болып отыр", деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мұхтар Тайжанның айтуына қарағанда, Аляскадағы саммитті ресми кездесу деп атауға келмейді.
– Біріншіден, Путин мен Трамптың кездесуін ресми деп айта алмаймын. Себебі ресми кездесу болса, онда бұл Вашингтонның өзінде, Ақ үйдегі Сопақ кабинеттің залында өтетін еді. Бұл жерде Аляскада өтіп отыр, АҚШ-тың астанасы емес. Екіншіден, әскери базада өтті. Әлбетте, оны ресми орын деп айта алмаймыз, – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, келіссөздер бағдарламасы да өзгерген. Әуеліде екі президенттің тікелей, көзбе-көз кездесуі жоспарланған, бірақ олай болмаған.
– Трамптың және Путиннің арасындағы тікелей, көзбе-көз кездесуі болған жоқ. Қасында сыртқы істер министрлері және басқа көмекшілері отырды. Сондықтан бұл екеуінің ғана кездесуі болды деп айта алмаймыз, – деп түсіндірді ол.
Кездесудің ұзақтығы да күткендей болмады. Алғашқыда 6-7 сағатқа созылады деген саммит үш сағатқа жетпей аяқталған.
– Мына алғашқы кездесуден кейін кеңейтілген құрамда кездесу өтуі керек еді, бірақ болған жоқ, – дейді Тайжан.
Оның пайымдауынша, кеңейтілген форматтағы кездесуден АҚШ тарапы бас тартқан. Бұл жағдайды ол жақсы белгі деп бағалайды.
– Себебі санкция алынып тасталмайды деген сөз. Бұл – менің ойым, – дейді ол.
Келіссөзге екі жақтан да қаржы және сауда министрлері қатысқанымен, санкциялар тақырыбы көтерілмеген. Тіпті бірге түскі ас ішу жоспары да орындалмаған.
– Путин үш сағатқа да жетпейтін кездесуден өз еліне, Трамп Вашингтонға қайтты, ешқандай нәтиже жоқ, – деді Тайжан.
Баспасөз мәслихаты да толыққанды өтпеген.
– Әлбетте, баспасөз мәслихаты болып, сұрақтар қойылуы керек еді, одан да бас тартты. Иә, екі президент журналистердің алдына шықты. Путин 8 минут, ал Трамп одан да қысқа, 4 минут сөйледі. Ешқандай сұрақтарға жауап берген жоқ, сөйледі де – кетті. Бұл кездесуді нәтижесіз өтті деп есептеймін, – деді ол.
Тайжанның ойынша, бұл саммит ең алдымен Трамптың беделіне нұқсан келтірді.
– Нәтижесіз болса, бұл кездесудің не керегі бар еді?, – дейді ол.
Соған қарамастан, қоғам қайраткері үрейге бой алдырмауға шақырады.
– Менің ойымша, Еуропа елдері – өте мықты елдер. Олар Украинаны тастамайды. Ал Америка болсын, Трамп болсын Еуропаға қарсы шығудың керегі жоқ. Сондықтан Украинаға көмекті жалғастыра береді. Түбі Украина Тәуелсіздігін, өз аумақтық тұтастығын сақтай алады, – деп түйіндеді Мұхтар Тайжан.
ТРАМП ПЕН ПУТИННІҢ КЕЗДЕСУІ
2025 жылғы 15 тамызда Дональд Трамп пен Владимир Путин Аляска штатының Анкоридж қаласында кездесті. Кездесудің негізгі мақсаты – Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс бойынша келіссөздер жүргізу.
Трамп пен Путиннің Аляскадағы кездесуі халықаралық қауымдастықтың жіті назарында болды. Келіссөздер нақты нәтижелерге әкелмесе де, диалогтың басталуы маңызды қадам ретінде бағаланды.
Еске салайық, бұған дейін Путин Трамптың “Мен президент боп тұрғанда, соғыс болмас еді” деген сөзін растады.
Кейінірек Тоқаев Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуі туралы айтты.