Қазақстандықтар пойызды сарқыт тасу үшін қолданады - Сауранбаев

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев қазақстандықтардың көп жылғы сынын мойындап, Talgo жүрдек пойыздарының елімізге онша сай келмейтінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Talgo өндірісі тоқтаған

2022 жылдан бастап Қазақстанда испан-қазақстандық Talgo пойыздарын шығару тоқтатылғаны белгілі болды. Бұған дейін қолданыстағы вагондар пайдалану мерзімі біткенше қатынай береді деп хабарланған болатын. «Қазақстан темір жолы» мәліметінше, бұл шамамен 2040 жылға дейін жалғасады. Ал алғашқы құрам – 2003 жылы іске қосылған пойыз – қазірдің өзінде пайдаланудан шығарылды.

Talgo-дан бас тартуды түсіндірген министр бұл пойыздардың Қазақстан жағдайына бейімделмегенін жасырмады.

– Бұл вагондар Алматы мен Астана арасында жоғары жылдамдықпен жүруге арналған. Арнайы аспасы бар, 160 шақырымға дейін жүре алады. Сол үшін сәл тар етіп жасалған. Мақсат – адамдарды жылдам жеткізу. Біз бастапқыда Алматы мен Астана арасын 11 сағатқа дейін қысқарттық. Бірақ бізде жүк пойыздары мен жолаушылар пойыздары бір жолмен жүреді, жолдардың жағдайы да нашар. Соның салдарынан қазір бұл пойыздар 18–21 сағат жүреді. Бұл, шартты түрде айтқанда, «жаман жолдағы Мерседес», – деді Сауранбаев.

Халықтың сұранысына қарай

Министрдің айтуынша, қазақстандықтар пойызды көбіне ұшақпен алып жүре алмайтын заттарды жеткізу үшін пайдаланады.

– Мәселен, әжелер жолға шыққанда ет, қазы, шұбат секілді тағамдарын алады. Оларды ұшаққа сала алмайды. Яғни пойыз – «азық-түлік пойызы» іспеттес. Әжелер немерелеріне сарқыт апарады, ол жақтан да бірдеңе алып келеді. Сондықтан біз үшін вагон – әлеуметтік бағдарламаның бір бөлігі. Сол себепті халық кең вагон, міндетті түрде рундук болғанын қалайды, – деп түсіндірді министр.

Осыған байланысты 2022 жылдан бастап Talgo құрастырылып келген зауытта енді Stadler вагондары шығарыла бастады. Министрдің айтуынша, олар стандартты өлшемде, өте қолайлы. Жыл соңына дейін жаңа вагондар кейбір бағыттарға қойылады. Журналистер: «Қазақстан Talgo-дан әжелер вагонды азық-түлікке толтыратыны үшін бас тартты ма?» деп сұрағанда, Сауранбаев нақты жауап бермеді. Дегенмен ұзақмерзімді шешім дұрыс екенін, жаңа Stadler вагондарына алғаш мінгенде жұртшылық оның пайдасын түсінетінін атап өтті.

Әлсіз тұсы

Сонымен қатар, немістің қымбат вагондарының бір «әлсіз тұсы» бары белгілі болды: вагондардың арасына қойылатын дизель-генератор құрамды жылумен және өзге де қажеттіліктермен қамтамасыз етеді.

– Бірақ ол дизель барлық жабдықтан бұрын істен шығады. Қазір біздің инженерлер осы мәселені шешумен айналысып жатыр, – деді Сауранбаев.