Прокурор АЭС құрылысына қарсы шыққан белсенділерді бес жылға соттауды сұрады

Ulysmedia
ulysmedia.kz

Прокурор былтыр АЭС құрылысына қарсы шыққан белсенділерді бес жылға соттауды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

21 тамызда Алматының Алмалы аудандық сотында атом электр станциясын салуға қарсы шыққан бес белсендінің сотында жарыссөз басталды. Мемлекеттік айыптаушы прокурор Жанат Қазақбай, Нұрлан Жаулыбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев және Айдар Мүбараковты қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 272-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

2024 жылы АЭС құрылысына қатысты референдум қарсаңында Алматыда 12 белсенді ұсталған. Кейіннен олардың жетеуін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатқан. Бес белсендіге «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» бабы бойынша айып тағылған.

Белсенділер бұған дейінгі сот отырысында өздеріне тағылған айыппен келіспеген. Олар істің саяси астары барын айтып, ұсталуларын АЭС құрылысына қарсы айтқан пікірлерімен байланыстырған.