Ресей Украинадан батыс әскерлерін кіргізбеуді және бейтарап болуды талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Талаптар
Владимир Путин Украинадан Донбастың шығыс аймағынан толық бас тартуды, НАТО-ға кіру жоспарынан айнуды, бейтарап саясат ұстануды және өз аумағында батыс әскерлерінің орналасуына жол бермеуді талап етіп отыр. Бұл туралы Reuters-ке Кремльдің жоғары басшылығының ұстанымдарымен таныс үш дереккөз хабарлаған.
Саммиттен кейінгі мәлімдеме
Дональд Трамппен бірге саммиттен соң журналистерге мәлімдеме жасаған Владимир Путин қол жеткізілген уағдаластықтар Украинадағы бейбітшілікке жақындатады деген үмітін білдірді. Алайда ол да, АҚШ президенті де келіссөздердің нақты мазмұнын ашпады.
Бұрынғы және жаңа талаптар
Reuters дереккөздерінің айтуынша, Путин 2024 жылдың маусымында қойған аумақтық талаптарын жұмсартқан. Ол кезде Киевтен Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарынан толық бас тарту талап етілген еді. Ал жаңа ұсыныстарында Ресей Украинадан тек оның бақылауында қалған Донбасс аумағынан кетуді талап етуде.
Соның есесіне Мәскеу Херсон мен Запорожье облыстарындағы қазіргі майдан шебінде әскери қимылдарды тоқтатуға дайын екенін мәлімдеген.
Бұған дейін
Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Путин мен Владимир Зеленский арасында екіжақты келіссөздерді өз бетінше ұйымдастыру идеясынан бас тартқан болатын.