S&P агенттігі Қазақстанның кредиттік рейтингін бағалады

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

S&P халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстан бойынша болжамды "тұрақтыдан" "оңға" жақсартты, рейтингті "BBB-" деңгейінде сақтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

 

ТОЛЫҒЫРАҚ

S&P пікірінше, қатаңырақ фискалдық ережелердің енгізілуі және кіріс базасының кеңеюі мемлекеттік қаржының тұрақтануына ықпал етеді. Бұл бюджет тапшылығын қысқартып, орта мерзімді перспективада мемлекеттік қарыз деңгейін тұрақты сақтауға мүмкіндік береді.

– Қазақстанның сыртқы нетто-кредитор ретіндегі ұстанымы сыртқы қарыздың төмендігі және халықаралық резервтер мен Ұлттық қор активтерінің қомақты көлемі есебінен берік болып отыр, – деп атап өтті Ұлттық экономика министрлігі.

Есепте сондай-ақ болжамның жақсаруына экономиканы либерализациялау және әртараптандыру бойынша жүргізіліп жатқан реформалар әсер еткені айтылған.

Аналитиктердің болжамынша, Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды іске асыру және экономиканы жаңғыртуға бағытталған өзге де шаралар мұнай табысына тәуелділікті біртіндеп төмендетіп, мұнайға қатысы жоқ кірістердің өсуіне ықпал етеді.

Сонымен қатар агенттік қосымша санкциялар салыну қаупін төмен деп бағалап отыр.

Еске салайық, осы жылдың қысында Standard & Poor’s агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін “BBB-/A-3” деңгейінде сақтап, “тұрақты” болжам берген болатын.