25 тамыз күні Батыс Қазақстан облысының ауданаралық қылмыстық соты Эльвира Еркебаева мен Максим Кузнецовке үш жыл шартты жаза тағайындады. Олар сот залынан босатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БІР ЖЫЛҒА ЖУЫҚ ҚАРАЛҒАН ІС
«Уральская неделя» басылымының мәліметінше, іс алқабилердің қатысуымен қаралған. Айыптау актісіне сәйкес, Эльвира Еркебаева бұрынғы күйеуі Ербол Еркебаевпен араздық қатынастардың негізінде оны өлтіруді ұйымдастыруға шешім қабылдаған.
Ол бұл үшін танысы Максим Кузнецовқа жүгініп, одан атыс қаруын және қылмысты жүзеге асыратын адамды табуды сұраған. Сондай-ақ төлем ретінде екі миллион теңге беретінін айтқан. Кузнецов өз кезегінде бұрын сотталған танысы Галиевке шыққан. Ол келісімін бергенімен, полицияға барып дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарлаған.
Кузнецов Галиевке алдын ала төлем ретінде 500 мың теңге, терезе рамасын бұзу үшін бұрауыш, қолғап, медициналық маска және көзілдірік берген. 24 ақпанда Кузнецов оған тағы 800 мың теңге жеткізген. Ал 26 ақпан күні сағат 18:00 шамасында Ербол Еркебаевты өлтірудің имитациясы жасалып, одан кейін Эльвира Еркебаева мен Кузнецовты полиция қызметкерлері ұстаған.
Сот процесі барысында Эльвира Еркебаеваның жылдар бойы күйеуінің қорлығына шыдап келгені, бірнеше рет суицид жасауға әрекеттенгені және жергілікті полицияның оны жұбайының зорлық-зомбылығынан қорғай алмағаны белгілі болды.
ПРОКУРОР НЕ ДЕДІ
21 тамызда өткен сөзжарыста прокурор сотталушыларды Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру», «Қылмысқа оқталу», «Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлері» баптары бойынша кінәлі деп тануды сұрады. Мемлекеттік айыптаушы Еркебаеваны 7,5 жылға, ал Кузнецовты 10 жылға бас бостандығынан айыруды талап еткен.
АЛҚАБИЛЕРДІҢ ШЕШІМІ
Дегенмен, сот алқабилердің шешіміне сүйене отырып, айыпталушылардың әрекеттерін жеңіл баптар бойынша қарады.
Эльвира Еркебаева ҚК 287-бабының 4-тармағы («Сөз байласу арқылы қару иемдену, сақтау») бойынша кінәлі деп танылып, үш жыл шартты жаза алды.
Максим Кузнецов ҚК 28-бабының 5-тармағы («Қылмыс жасауға көмектесу») және 287-баптың 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, ол да үш жыл шартты жазаға кесілді.