Бішкекте қазақстандық кәсіпкер қамауға алынды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Бішкекте Қазақстан азаматы, кәсіпкер қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Бұл туралы Kaktus.media редакциясына құқық қорғау органдарының өкілдері хабарлаған.

Олардың айтуынша, 2025 жылдың наурызында Бішкектің екі тұрғыны ҰҚК-ге арыз түсірген. Олар 1974 жылы туған Алмаз Зарипов есімді азамат сенімдеріне кіріп, Қазақстаннан Қырғызстанға астық өнімдерін жеткізіп, осында сата аламыз деген желеумен 2 млн 500 мың доллар алғанын айтқан. Алайда қаражатты алған соң күдікті бой тасалаған.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Аталған факті бойынша Қырғызстан Қылмыстық кодексінің «Өте ірі көлемдегі алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде кәсіпкерді ұстаған.

- Бизнес-ортадағы дереккөздерге сүйенсек, сөз болып отырған адам – «Аграрлық сервис» директоры, қазақстандық KAZBRAND азық-түлік компаниясының өкілі әрі «Қазақстан агроөнеркәсіптік одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Алмаз Зарипов, делінген материалда. 

Бішкек қалалық соты 23 тамызда Ленин аудандық сотының тергеу судьясы тергеу тобы жетекшісінің – Қырғызстан ҰҚК Тергеу басқармасы тергеушісінің өтінішін қанағаттандырып, айыпталушы Алмаз Зариповқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолданғанын хабарлады. Ол тергеу мерзімі аяқталғанға дейін, яғни 2025 жылдың 20 қыркүйегіне дейін қамауда болады.