Каспий теңізін Арал тағдыры күтіп тұр ма? Сарапшылар дабыл қақты

Сырым Қаржас
gov.kz

Central Asia Climate Foundation жеке қорының мамандары Каспий теңізінің тартылу қаупі бар екенін, оның тағдыры Арал теңізінің сценарийін қайталауы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

20 жылда — 34 мың шаршы шақырымға азайды

Қордың мәліметінше, соңғы 20 жылға жетпейтін уақытта Каспий теңізінің аумағы 34 мың шаршы шақырымнан астам қысқарған.

Ерекшелігі

Каспий теңізі — әлемдегі ең ірі тұйық су айдыны, дүниежүзілік мұхитпен байланысы жоқ. Оның түбі мұхиттық қыртыстан құралған, сондықтан ол көлдерден гөрі теңіздерге жақын. Судың тұздылығы аймақтарға қарай өзгереді: оңтүстігі тұздырақ, солтүстігі тұщырақ. Каспий – планетадағы ең терең көлдердің бірі әрі ерекше каспий итбалығы мен бекіре тұқымдас балықтардың ең ірі уылдырық шашу орнына үй.

Тартылу

Теңіз деңгейі бұрыннан ауытқып отырғанымен, 2006–2024 жылдары ол 2,14 метрге төмендеді. Су айдынының көлемі 34 мың шаршы шақырымнан астамға қысқарды. NASA спутниктері жылына 7 см төмендеуді тіркеген, бұл дүниежүзілік мұхит деңгейінің өсуінен 20 есе жылдам. Егер үрдіс жалғаса берсе, қор мамандарының айтуынша, 2050 жылға қарай теңіздің солтүстік бөлігі толықтай жойылып кетуі мүмкін. Негізгі себеп — климаттың өзгеруі мен өзен ағысының азаюы. Каспийдің 86%-ын әкелетін Еділ (Волга) өзені мен өзге де ірі өзендер қатаң реттелгендіктен, тапшылық күшейіп отыр.

Ластану

Теңізге үлкен қауіптің бірі – мұнай өндіру. 50 нүктеде жүргізілген мониторинг дерегіне сүйенсек, кей жылдары мыс, хром және мұнай өнімдері бойынша нормадан артық көрсеткіштер тіркелген. 2019 жылы су сапасы «5-кластан жоғары» деп бағаланған — ол кез келген су пайдалану түріне жарамсыз дегенді білдіреді.

Жойылу қаупі

Каспий экожүйесі миллиондаған жыл бойы қалыптасқанымен, бүгінде көптеген түрлер жойылып кетудің алдында тұр. Мәселен, каспий итбалығының саны бір ғасырда 90%-ға азайды: 1,2 млн-нан 100 мыңға жетпей қалған. Мұздың азаюы, ластану және қоректік базаның тапшылығы олардың өмірін қиындатып отыр. Осетр тұқымдастар да қатты қысымда: белуга, орыс және парсы бекіресі, сүйрік, шоқыр мен шортанбек. Теңіз тартылған сайын өзен сағалары тайызданып, балықтар уылдырық шашатын жерлеріне жете алмайды. Бұған қосымша браконьерлік те соққы беруде.