Астанада ер адам вокзал маңындағы көпірден секіріп кетті

Ulysmedia
Фото: Threads @yerlansakenov

Астанадағы «Нұрлы жол» теміржол вокзалында ер адам көпірден секіріп кетті. Оқиға жолаушылардың көз алдында болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Алғаш болып дабыл қаққан – оқиға куәгерлері. Олардың бірі болған жайттың видеосын Threads әлеуметтік желісіне жариялаған. Кадрларда жедел жәрдем көліктері мен вокзал маңына жиналған полиция қызметкерлері көрінеді.

Жарияланым авторының сөзінше, биіктен құлаған ер адам асфальтқа түсіп, ауыр жарақат алған.

Полиция не дейді?

Астана қалалық полиция департаменті сиуцид әрекеті болғанын растады. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.

– Өз-өзіне қол жұмсау әрекеті бойынша қылмыстық іс тіркелді. Анықталғандай, 28 мамыр күні ер адам көпірден секірген. Зардап шеккен азамат дереу медициналық мекемеге жеткізіліп, оған қажетті көмек көрсетіліп жатыр, – деп мәлімдеді елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазір оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Полицейлер ер адамның жеке басын және мұндай қадамға баруына не себеп болғанын анықтауда.

Дәрігерлер зардап шеккен азаматтың өмірі үшін күресіп жатыр. Оның алған жарақаттарының ауырлығы әзірге нақтыланбады.