«Кеудемде мақтаныш сезімі оянды»: Тамыз конференциясында марапатталған техқызметкерлер не дейді?

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Биыл дәстүрлі тамыз конференциясында бірінші рет педагогтар ғана емес, жұмысшы мамандықтардың өкілдері де марапатталды. Мәселен 39 жылдан бері мектепте жұмысшы Еркін Сартықпаев, колледжде 35 жылдан бері электрик Талғат Рахимов, қызметтік үй-жайларды жинаушы болып 23 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Мейрамкүл Мырзаханова, тағы осы сынды жалпы саны 20 маман Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтің Алғыс хатын алды.

Елордада өткен «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» Республикалық тамыз кеңесінде марапатталған мектептер мен балабақшалардың техникалық қызметкерлері, полицейлер, медицина қызметкерлері, құрылысшылар және басқа да мамандар өз қуанышымен БАҚ беттерінде, сонымен қатар әлеуметтік желілерде бөлісуде.

Еңбегі бағаланған мамандар әріптестері мен жақындарының ықыласына бөленіп, құттықтаулар легінің тоқтамай жатқанын айтады.

Мысалы Астана қаласындағы №2 мектеп-гимназияда 9 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Гүлзат Қаратаеваның айтуынша ұжымдастардың құттықтауы әлі де жалғасып жатыр.

«Бұл марапат мен үшін де, мектебім үшін де, жалпы кіші техникалық мамандар үшін де өте қуанышты жағдай. Елімізде бұрын соңды мұндай марапат болмаған. Биыл бірінші рет Республикалық конференцияда еңбегіміз еленіп, Алғыс хат алған соң, құттықтаулар әлі де келіп жатыр. Ал балаларым менің жетістігіммен мақтанып, фотосуреттерді әлеуметтік желідегі парақшаларына салып қойыпты. Бастама жалғасын тауып, кіші техникалық қызметкерлердің балалардың білім алуына қосып жатқан үлесі ескеріле берсе, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді Гүлзат Қаратаева.

Ал балабақшада кір жуу мәшинесінің операторы болып жұмыс істейтін Жайнакүл Ахметованы жетісулық әріптестері ұлттық нақышта киініп, қазақы дәстүрмен шашу шашып, домбырамен ән шырқап қарсы алыпты.

«Министрден алған марапатым да, әріптестерімнің ыстық ықыласпен қарсы алғаны да кеудемде мақтаныш сезімін оятты. Әрі мұндай жаңалық маған ғана емес, мен секілді техникалық мамандардың бәріне мотивация болғаны рас. Қазақы дәстүрмен сүйіншілеп те, «жұғысты болсын» айтып та үлгердік», – дейді Жайнакүл Ахметова.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында балалардың игілігіне үлес қосатын барлық мамандардың маңызын айқындау мақсат етіліп отыр.

Бұл туралы министр Ғани Бейсембаев өз сөзінде:

«Білім беру саласы – біз барлық балаларымызды тәрбиелейтін орта. Әркім еліміздің болашағын тәрбиелі, кәсіби құзыретті етуге өз үлесін қосуы тиіс. Бұл – тек педагог қауымның ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті», – деп атап өтті.