Империялар ғасырынан бүгінге дейін: Адиб Халидтің еңбегі қазақ тілінде жарық көрді

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Америкалық тарихшы Адиб Халидтің «Орталық Азия: Империялар отарлағаннан бастап қазіргі заманға дейінгі жаңа тарих» атты кітабы Қазақстанда үлкен қызығушылық тудырды. Автормен өткен кездесулерде залдар оқырмандарға лық толып, бәрін сыйғызу мүмкін болмады. Шығарма алғаш рет қазақ тіліне аударылып, ғалымдар мен қоғамның айрықша ықыласына ие болды. Алматыдағы таныстырылымда Ulysmedia.kz тілшісі оқырмандарды не көбірек қызықтырғанын анықтады.

ҒЫЛЫМИ-КӨПШІЛІККЕ АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ТАРИХЫ

Ұлттық ғылым академиясында өткен кездесуде кітап авторы Адиб Халид неліктен Орталық Азияның жаңа дәуірдегі тарихына ден қойғанын түсіндірді.

– Орталық Азия империализмді, отаршылдықты, урбанизацияны, әлеуметтік инженерияны және экологиялық апаттарды бастан өткерді. Бұл үдерістер бүгінгі болмысымызды айқындайды, сондықтан мен осыны көрсеткім келді, – деді ол.

Көпшілік үшін Орталық Азия – қазіргі тарихтың шеткері аймағы іспетті. Адиб Халидтің пайымынша, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Қазақстан және Қытайдың Шыңжаң провинциясын қамтитын өңір әлемдік оқиғалардың тоғысқан нүктесіне айналды. Сол себепті автор XVIII ғасырдың ортасынан бүгінге дейінгі кезеңді қамтитын Орталық Азия тарихының алғашқы зерттеуін ұсынды.

Пәкістан текті америкалық ғалым аймақтағы шетелдік жаулап алу халықты жаһандық тауар және идея алмасуына тартып, әлеммен байланысын күшейткенін көрсетеді. Оның зерттеуінің өзегі империялардың жаулап алуы, кейінгі КСРО мен Қытайдың этникалық алуандылықпен және ұлттық-мәдени айырмашылықтармен қалай жұмыс істегені. Сондай-ақ ғалым колониализм, әлеуметтік революциялар, ұлтшылдық пен модернизацияның Орталық Азияның қазіргі келбетін қалай қалыптастырғанына назар аударады.

Зерттеуші XVIII ғасырдан бастап бүгінге дейінгі кезеңді біртұтас кеңістік ретінде қарастырады: империялық жаулап алулардан посткеңестік дәуірге дейін. Ол өз еңбегінде әсіресе Өзбекстанға көбірек тоқталған, себебі зерттеуінің негізгі бөлігі сонда шоғырланған.

АВТОР ҚАЗАҚША АУДАРМАНЫ БАҒАЛАДЫ

Адиб Халид кітапты ағылшын тілінде жазғанын және бастапқыда оны ағылшынша оқырманға арнағанын айтты.

– Алайда аймақтың өз тұрғындары еңбекті маңызды әрі қызықты деп танып, қазақ тіліне аударғаны – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл қаншалықты маңызды екенін сөзбен жеткізе алмаймын, – деді ол.

Автордың айтуынша, ол бұл еңбекті оқулық ретінде жазбаған, керісінше, білімді кең аудиторияға түсінікті әрі қызықты болуын көздеген. Ғалымның пікірінше, бұрынғы кезеңдер – ежелгі дәуір, археология, Моңғол империясы мен Темір әулеті заманы қазірдің өзінде жақсы зерттелген.

– Ал жаңа дәуір, яғни анағұрлым күрделі кезең іс жүзінде зерттелмей қалды. Менің тағы бір мақсатым – осы өңір тарихын түсіндіру арқылы әлі күнге дейін сақталып отырған стереотиптер мен қате түсініктерге қарсы тұру, – деді Адиб Халид.

Кітаптың редакторы Мұхтар Сеңгірбай бұл еңбекті тек ғылыми орта ғана емес, қарапайым оқырман да жылы қабылдағанын атап өтті.

– Бұл кітап Орталық Азияны кеңірек көруге көмектеседі – тек кеңестік шекара аясында ғана емес, сонымен бірге Шыңжаң мен Шығыс Түркістанды да қамтиды. Біздің ғылым үшін ол үлкен серпіліс болды, – деді ол.

Бүгінде аймақта қайтадан ұлттық бірегейлік, тәуелсіздік және ірі державалардың ықпалы жайлы мәселелер өткір талқыланып жатқан тұста, Адиб Халидтің кітабы жай ғана өткенді зерттеу емес, Орталық Азияның бүгінгісін түсінуге және болашағын болжауға мүмкіндік беретін бірегей кілтке айналып отыр.

Сурет: Қуанышбек Кари