Ақтөбеде Qarakesek сахналық атымен белгілі рэпер Омар Амантаевқа қатысты сот үкімі шықты. Ол сотта есірткіні заңсыз сақтағанын мойындады. Кеше сот отырысына келмегендіктен, бүгін оны полиция қызметкерлері мәжбүрлеп жеткізген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Сот Амантаевты психотроптық заттарды сату мақсатынсыз заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп таныды.
СОТ ШЕШІМІ
Оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалып, психиатрдың бақылауында мәжбүрлі ем қабылдау міндеттелді. Сондай-ақ ол пробация қызметінің есебіне қойылады. Егер қоғамдық жұмыстардан жалтарса, өтелмеген сағаттар қамауға алмастыруы мүмкін.
КОНТЕКСТ
Өткен жылдың тамыз айында рэпер есірткілік мас күйінде көлік тізгіндеп жүрген жерінен ұсталған. Тексеру кезінде оның жанынан 0,26 грамм мефедрон табылған. Сараптама бұл заттың есірткі екенін растаған.
Сотта Амантаев шамамен бір жылдан бері есірткі қолданатынын және емделуге ниетті екенін айтты.
- Кінәмді толық мойындаймын, айыптаумен келісемін. Синтетикалық затты тауып алдым. Сату ойымда болған жоқ, — деді ол сотта.
Прокурордың «Бұл заттың синтетикалық екенін қалай білдіңіз?» деген сұрағына ол: «Білемін, көргенмін», — деп жауап берген.
Омар Амантаев 31 жаста. Ол Батыс Қазақстан облысының тумасы, үйленген, төрт баланы тәрбиелеп отыр.