Қазақ мұнайының КҚК арқылы экспорты азайды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан мұнай экспортын Каспий құбыр консорциумы (КҚК) құбырын айналып өтетін бағыттарға толықтай қайта бағдарлай алмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қаңтар айында Қазақстан Қара теңізге шығатын КҚК құбыры арқылы экспорттай алмаған мұнайдың тек аз ғана бөлігін балама маршруттармен жөнелте алды. Бұл өндіріс көлемінің күрт төмендеуіне себептердің бірі болды. Балама бағыттармен жеткізу қараша айымен салыстырғанда тәулігіне шамамен 25 мың баррельге артқан. Алайда бұл сол кезеңде КҚК желісі арқылы айдаудың қысқару көлемінің небәрі 6%-ын ғана құрайды.

Қаңтарда Қазақстан мұнайды Ресей мен Қытайға тиісінше Атырау–Самара және Атасу–Алашанькоу құбырлары арқылы, сондай-ақ Каспий теңізіндегі Ақтау порты арқылы экспорттады. Жалпы көлем 1,36 млн тонна болды. Қарашада бұл көрсеткіш 1,22 млн тонна деңгейінде еді.

— Сол кезеңде КҚК арқылы экспорт тәулігіне шамамен 440 мың баррельге қысқарып, соңғы жеті жылдан астам уақыттағы ең төменгі деңгейге түсті. Мұны кеме қозғалысын бақылау деректері растайды, — деп жазады Bloomberg.

Экспортты қайта бағыттай алмау мұнай өндіру көлеміне де әсер етті. Ресми деректерге сәйкес, қаңтарда өндіріс 35%-ға азайып, 5,25 млн тоннаға (тәулігіне шамамен 1,34 млн баррель) түсті. Ал қарашада бұл көрсеткіш 8,1 млн тонна (тәулігіне 2,13 млн баррель) болған. Аталған статистикаға газ кен орындарында өндірілетін жеңіл мұнай түрі — газ конденсаты да енгізілген.