Түрікменстан билігі әртістерден бір айдың ішінде арықтауды талап етті

Сырым Қаржас
mg-fotki

Түркіменстанда мәдениет қызметкерлеріне бір ай ішінде «артық салмақтан арылу» тапсырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

“Азатлык” мәліметінше, жақында Түркіменстан билігі әртістер мен мәдениет саласы қызметкерлеріне артық салмақтан шұғыл түрде арылуды талап етті. Оларға 27 қыркүйекке дейін, яғни елдің Тәуелсіздік күніне орай артық килоларды тастау міндеттелген. Бұл тапсырма қатаң түрде айтылып, егер бір айдың ішінде «қалыпқа келмесе», сахнадағы және телетүсірілімдердегі өнер көрсетулеріне тыйым салынатыны ескертілді.

КІМДЕРГЕ “ҚАУІП” ТӨНІП ТҰР?

Талапқа Сапармұрат Түркіменбасы атындағы мемлекеттік драма театрының актерлері, Балқан уәлаятының мәдениет орталықтарының қызметкерлері және танымал әншілер іліккен. Тіпті халық әртістері мен еңбек сіңірген әртістер де бұл талаптан тыс қалмаған.

БҰРЫНҒЫ ТӘЖІРИБЕ

Жергілікті БАҚ деректеріне қарағанда, мұндай талаптар елде бұрын да қойылған. Бұл мемлекет насихаттап отырған «салауатты өмір салты, спорт және дұрыс тамақтану» идеологиясына толық сәйкес келеді. Мұндай саясатты бұрынғы президент Гурбангулы Бердімұхамедов те, қазіргі президент Сердар Бердімұхамедов те қолдап келеді.

ҚАРЖЫЛЫҚ ҚИЫНДЫҚТАР

Алайда қазір түркімен әртістері бұл тапсырманы орындау оңай емес екенін айтуда. «Азатлык радиосының» хабарлауынша, айына 3000 манат алатын мәдениет қызметкерлерінің сапалы тағамды тұрақты сатып алуға немесе спортзалға баруға шамасы жетпейді. Жаттығу залына абонемент құны жалақының үштен біріне тең. Сондықтан биліктің «мінсіз болыңдар» деген талабы мәдениет қызметкерлері үшін іс жүзінде орындалмайтын шарт болып тұр.