Жамбыл облысында жерасты спирт зауытының қызметі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Жамбыл облысы бойынша қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті «БМ» ЖШС мен оған қатысы бар компаниялар басшылығына қатысты тергеуді бастады. Олар акциздік тауарларды заңсыз өндіру және өткізу ісімен айналысқан ұйымдасқан топ құрды деген күдікке ілінді.
ЖЕРАСТЫ ӨНДІРІСІ
Тергеу деректеріне сәйкес, Сұлтан Махмадовтың жетекшілігіндегі топ лицензиясыз ірі көлемде этил спиртін өндіріп, сақтаған, тасымалдап және сатқан. Заңсыз әрекеттерді жасыру үшін өнім «биоэтанол» мен «мал азығына арналған қоспа» ретінде көрсетілген. Алайда іс жүзінде кәсіпорын аумағында этил спиртін өнеркәсіптік көлемде шығаратын жерасты зауыты жұмыс істеген. Махмадов 2010 жылы да осындай қылмыс үшін сотталғаны белгілі болды.
ТАРАТУ ЖЕЛІСІ
Ұйымдастырушылар Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкенттегі жерасты цехтарына тұрақты спирт жеткізу арнасын ұйымдастырған. Сол жерлерде шикізаттан адам өмірі мен денсаулығына қауіпті суррогат алкоголь өндірілген.
Жедел-тергеу шаралары барысында айналымнан жалпы құны 280 миллион теңгеден асатын 122 мың литр этил спирті тәркіленді. Кәсіпорын базасынан 18 дана майнингтік жабдық та табылды.
Жеті автокөлікке тыйым салынды, топтың ұйымдастырушысы екі айға қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.