Әлеуметтік портал мүмкіндігі шектеулі азаматтарды алдаудың алаңына айналды

Ulysmedia
Ашық дереккөзден

Депутат Кенжеғұл Сейітжан мәжіліс отырысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау жүйесіндегі толған кемшіліктерді көтерді. Ол денсаулық сақтау және еңбек министрліктеріне депутаттық сауал жолдап, бұл мәселені шешуді талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МОНОПОЛИСТЕРДІҢ МАРКЕТПЛЕЙСІ

Депутаттың айтуынша, мемлекет жыл сайын қомақты қаражат бөліп,  гигиеналық және техникалық құралдармен қамтамасыз етеді. Бірақ қазіргі жүйе қаражаттың нағыз мұқтаждарға жетуіне емес, делдалдар мен сатушылардың қалтасын қампайтуға қызмет етуде.

- Электронды әлеуметтік қызметтер порталы - монополист сатушылардың маркетплейсі. Мұнда сапаға жауап беретін ешкім жоқ, адамдарға қолданылған, тозған немесе жалған құралдар жаңа бағамен ұсынылады, - деген мәжілісмен шикілікке мысал келтірді. 

Оның айтуынша, мүгедектігі бар Анатолий Мигай портал арқылы алған құрылғысы қолданылған және ақауы болғандықтан дұрыс істемеген. Науқас шағымданғанымен, тек жеткізуші порталдан алынып тасталды, азаматтың құқықтары қорғалмады. 

Ұқсас жағдай гигиеналық тауарларды, санаторлық қызметтерді жеткізуде де орын алған. Портал арқылы тегін үлестірген өнімдер кейін ОLX секілді сайттарда қайта сатылуда. 

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Кенжеғұл Сейітжан Әр өңірде мемлекет кепілдік беретін тауарлар мен қызметтердің Көрме павильондарын ашуды ұсында. Осылайша  азаматтар орталыққа келіп, құралды көзімен көріп, сынап көре алады. Гигиеналық құралдарды тек мамандандырылған орталықтарға жеткізу, қоймасы, сертификаты және арнайы құжаты болуы тиіс.  Алдағы уақытта льготаларды ішінара монетизация, ваучерлік жүйе арқылы азаматтарға порталдан тыс өз бетінше таңдау жасау мүмкіндігін берілуі мүмкін. Сондай ақ, әлеуметтік қызметтер жүйесіне аудит жүргізу, сыбайлас жемқорлық схемаларын анықтау және жауапсыз жеткізушілер мен шенеуніктердің жауапкершілігін арттыруды ұсынды. 

КОНТЕКСТ

2025 жылдың басынан бері Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар азаматтарға 359,1 мың қызмет көрсетілді. Оның ішінде 279 мың адам оңалтудың техникалық құралдарын, 8,3 мың адам ымдау тілінің қызметін, 46,3 мың адам жеке көмекшіні және 46,3 мың адам санаторийлік-курорттық емдеуді алды. Бүгінде порталда 669 әлеуметтік қызмет көрсетуші, 1012 ОТҚ жеткізушісі, 31 мыңнан астам жеке көмекші, 761 ымдау тілі маманы және 133 санаторийлік-курорт қызметін ұсынушы тіркелген. Бұл көрсеткіш порталдың мүгедектігі бар азаматтарға қолжетімділікті арттырудағы маңызды рөлін айқындайды.

Динара Жарқынбек