Қазақстандағы кедейлер мен байлардың табысы арасындағы айырмашылық бірнеше есе артқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ranking еліміздегі табысы ең төменгі 10% және табысы ең жоғары 10% халықтың кірістерін талдады. 2019 жылдан 2023 жылға дейін бұл екі топтың табысы 5,9–6 есеге айырмашылық көрсетсе, өткен жылы рекордтық 6,2 есеге жетті.
САНАТ
Қазақстанда табыс шағын топтың қолында шоғырланғаны байқалады. Атап айтқанда, ең ауқатты 10% қазақстандық бірден барлық кірістің төрттен біріне жуық үлесін (24,1%) алады.
ЖАЛАҚЫ
Өткен жылы еңбегі үшін 1 млн теңгеден жоғары табыс алған қазақстандықтардың үлесі 3,3%-ды немесе 112,1 мың адамды құрады. Ал еңбекақысы 100 мың теңгеге жетпейтіндер бұдан 5 есе көп болды: 210,6 мың адам немесе жалдамалы қызметкерлердің жалпы санының 6,1%-ы. Өткен жылы ең үлкен үлесті жалақысы 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейінгі қызметкерлер (23,9%) және 200 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі қызметкерлер (23,2%) құрады.
САЛАЛАР
Қаржы және сақтандыру қызметі секторында 1 млн теңгеден жоғары жалақы алатын жалдамалы қызметкерлердің үлесі 13,9% болды, ақпарат және байланыс секторында – 12,6%. Сондай-ақ кәсіби, ғылыми және техникалық қызметпен айналысатын компаниялар да мұндай табысы бар қызметкерлердің айтарлықтай үлесімен ерекшеленді (10,1%). Айта кетерлігі, 1 млн теңгеден жоғары табыс алатын шенеуніктердің үлесі өте аз – бар болғаны 0,7%. Ал 100 мың теңгеге дейінгі төмен жалақы алатын қызметкерлер ең көп шоғырланған салалар – әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету (18,4%) және ауыл шаруашылығы (12,2%).
ӨҢІРЛЕР
2024 жылы ең көп «миллионер-қызметкерлер» Маңғыстау (14,5%) және Атырау (11,5%) облыстарына тиесілі болды. Мұнайлы аймақтардан аз болғанымен, Алматыда (6%) және Астанада (4,8%) 1 млн теңгеден жоғары жалақы алатындардың үлесі айтарлықтай байқалады. Ал жалақысы 100 мың теңгеге жетпейтін қазақстандықтардың ең көп үлесі Түркістан (11,1%), Солтүстік Қазақстан (10,3%) және Жамбыл (10%) облыстарына тиесілі болды.