«Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы қоғам белсендісі Санжар Боқаев көтерген «жыл сайын жүздеген миллион теңге кассадан тыс айналып кетіп жатыр» деген мәлімдемеден кейін ішкі тексеріс жүргізгенін хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Компанияның мәліметінше, биыл 2 қыркүйекте жүк Алматы-1 стансасында ресми емес адам – Еркін Ж. арқылы жөнелтілген. Ол багаж бөлімінің қызметкері болмағанымен, өзін сондай етіп көрсетіп, жүк иесінен тапсырысты қабылдап алған.
– Ол жауапты қызметкерлер болмаған сәтте багаж бөлімінің аумағына заңсыз кіріп, сол жердің таразысымен жүкті өлшеп, құжат рәсімдеген. Кейін қабылданған жүк пойыздың ресми багаж вагонымен емес, жеке жүк көлігімен жіберілген, – делінген компания хабарламасында.
Сонымен қатар, жүк үшін төлем екінші деңгейлі банктің мобильді қосымшасы арқылы Кәлібек Ж.-нің атына аударылғаны анықталған. Ол – Алматы-1 стансасының ресми жүкші қызметкері, бірақ сол күні демалыста болған.
– Еркін Ж. мен Қалыбек Ж.-нің тектері ұқсас. Бұл олардың туыстығын көрсетуі мүмкін. Осы дерекке сүйенсек, Қалыбек Ж. қызмет бабын пайдаланып, Еркін Ж.-мен келісіп, жүктерді заңсыз рәсімдеп, ресми багаж бөлімін айналып өткен, – деп мәлімдеді компания.
ҚАБЫЛДАНҒАН ШАРАЛАР
Ішкі тексеріс қорытындысы бойынша тәртіптік комиссия отырысы өтіп, нәтижесінде Алматы-1 стансасының жүкшісі Кәлібек Ж.-мен «сенімді жоғалтқаны үшін» еңбек шарты бұзылды.
– «Жолаушылар тасымалы» АҚ орын алған жағдай үшін ресми түрде кешірім сұрайды және мәселені көтерген азаматқа алғыс білдіреді. Осыдан кейін жүк пен багаж қабылдау процесіне бақылау күшейтілетін болады, – делінген ресми хабарламада.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін қоғам белсендісі Сандар Боқаев ҚТЖ-да миллиондар қалай жымқырылып жатқанын көрсеткен болатын.