Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері бірлескен әскери жаттығулар өткізу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КЕЛІСІМНІҢ МӘНІ
Қазақстан тарапынан құжатқа қорғаныс министрі Даурен Қосанов қол қойды. Келісімнің негізгі мақсаты – бірлескен жаттығуларды ұйымдастырудың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындау.
НЕГЕ УАҒДАЛАСТЫ
Екі ел жаттығуларды дайындау және өткізу мәселелерін екіжақты консультациялар арқылы шешеді. Мұнда жаттығулардың мақсаты мен міндеттері, өткізу мерзімдері, қатысатын бөлімшелердің құрамы мен саны, әскери форма үлгілері, өткізу аудандары, орналасу орындарын күзету, бірлескен іс-шаралар, комиссия жұмысы, бөлімшелерді шоғырландыру және олардың қозғалыс маршруттары қамтылған.
МАҢЫЗДЫ
Жаттығулар заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Әскери қызметшілерді тамақпен және орналасу орнымен қабылдаушы тарап қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қажетті қару-жарақ пен материалдар сұраныс бойынша беріледі. Дегенмен қаруды тек жаттығу аймағында ұстауға рұқсат етіледі.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін Беларусь аумағында өткен ҰҚШҰ-ның ауқымды жаттығулары кезінде Ресей Қазақстанмен әскери тәжірибесімен бөліскен болатын.