Қазақстан үкіметі әлеуметтік масылдықпен күреспек

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан үкіметі әлеуметтік масылдықпен күрес жариялады. Желтоқсан айына дейін күмәнді және тиімсіз әлеуметтік жеңілдіктер қолдау шараларының қатарынан алынып тасталмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Біртұтас стандарт әзірленеді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктермен бірге 1 желтоқсанға дейін барлық өңірлер үшін әлеуметтік қолдау шараларының бірыңғай стандартын әзірлеуі тиіс.

– Барлық күмәнді және тиімсіз жеңілдіктер мен төлемдер қысқартылуы қажет. Біз әлеуметтік әділеттілікті сақтап, масылдық психологиясына қарсы шаралар қабылдаймыз. Үкіметтің міндеті – барлық азаматқа тең жағдай жасау. Ал халық еңбек етіп, өз-өзін және отбасын қамтамасыз етуге ұмтылуы тиіс. Мемлекет шынайы мұқтаж жандарға ғана көмектесуі керек, – деді ол.

Жасанды интеллект пен цифрландыруды енгізу

Премьер-министр барлық экономикалық салада мемлекеттік қызметтерді бақылау мен мониторингтің түбегейлі жаңа әдістерін құруды тапсырды. Ол үшін цифрландыруды және жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу көзделіп отыр.

2025 жылдың 1 қарашасына дейін еңбек министрлігі жанынан әлеуметтік салаға арналған бірыңғай цифрлық платформа іске қосылады.

– Сондай-ақ мемлекеттік органдар әлеуметтік аудит тетіктерін енгізуді қарастыратын Әлеуметтік кодекске түзетулер бойынша заң жобасын жедел мақұлдауы тиіс, – деп атап өтті Бектенов.