Енді қазақстандықтар зейнетақы жинағын тіс емдеуге пайдалана алмайды

Сырым Қаржас
Фото: Pexels.com

2025 жылдың 15 қыркүйегінен бастап enpf-otbasy.kz платформасында зейнетақы қаражатының артығын тіс емдеуге пайдалану бойынша өтініштер қабылданбайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

«Отбасы банкінің» баспасөз қызметінің сәліметінше, 15 қыркүйекке дейін берілген өтініштер штаттық режимде қаралады. Ал одан кейін мұндай мүмкіндік алынып тасталады.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін Astana Finance Days – 2025 аясында қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын пайдаланудың тағы бір нұсқасы талқыланған болатын. Вице-премьер Қанат Бозымбаев зейнетақы қаражатын коммуналдық және өзге де инфрақұрылым құрылысына жұмсау идеясын ерекше қолдады. Ал ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов елдің зейнетақы ақшасын жеке қорларға беру бағытына қарай жылжитынын айтты.

Сондай-ақ бұған дейін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін қаражат толық көлемде жеке табыс салығынан босатылатыны белгілі болды. Яғни қазақстандықтар зейнетақы қаржысын, соның ішінде баспана алуға арналған бөлігін де, соманың 10%-ын ұстап қалусыз пайдалана алады.