Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Сыртқы істер министрлігінің өтініші негізінде Азат Еуропа/Азаттық радиосы Қазақ қызметінің аккредитация мәселесіне байланысты шағымын қарауды уақытша тоқтатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Адвокат Лилия Чаусованың айтуынша, СІМ өкілдері сотта бұған дейін дәл осындай мазмұндағы жеті журналистің аккредитациясына қатысты іс қаралып жатқанын алға тартқан. Олардың сөзінше, бұл істер бір-бірімен байланысты болуы мүмкін, сондықтан алдыңғы іс бойынша шешім заңды күшіне енбейінше, жаңа істі қарауды доғару қажет.
Алайда адвокат мұнымен келіспейтінін жеткізді.
– Біз қарсы болдық. Өйткені бұл екеуі бір-бірімен байланысты емес, бөлек істер. Алдыңғысында жеті журналистке қатысты айып бар, мұнда тоғыз журналист бар. Іс материалдарында не үшін аккредитация берілмегені әлі күнге дейін түсіндірілген жоқ. Шағымдардың негіздері де, СІМ-нің бас тарту себептері де әртүрлі. Соған қарамастан, сот істі тоқтатуға негіз бар деп тапты, – деді Чаусова 17 қыркүйекте Азаттыққа.
Адвокат соттың бұл шешіміне шағымданатынын мәлімдеді. Егер жоғары инстанция анықтаманы өзгеріссіз қалдырса, процесс бірнеше айға созылуы мүмкін. Себебі алдыңғы іс бойынша апелляцияға бір-екі ай уақыт кетеді.
Бұған дейін
20 тамызда Астана әкімшілік соты Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Қазақстандағы өкілдігінің (RFE/RL-Қазақстан) сыртқы істер министрлігіне қарсы берген әкімшілік талабын қарады. Судья Смағұлов министрліктің Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеу туралы шешімін заңды деп таныды.