NCOC мұнай компаниясының қызметкерін өлтірген күдікті өмір бойына сотталды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

NCOC мұнай компаниясында менеджер болып жұмыс істеген 46 жастағы Бибігүл Шпанованы өлтірген күдікті, 38 жастағы Арман Жетпісов өмір бойына сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алаяқтық, зорлау және жүкті әйелді басқа қылмыстарды жасыру мақсатында аса қатыгездікпен өлтіргені, сондай-ақ ұрлық жасағаны және автокөлікті заңсыз иемденгені үшін айыпталғанға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-тің 190-бабының 1 бөлігі, 120-бабының 2-бөлігінің 2-тармағы, 99-бабының 2-бөлігінің 4,5,10 тармақтары, 188-бабының 4 бөлігінің 3-тармағы, 200-бабының 1-бөлігі).

ІСТІҢ МӘН-ЖАЙЫ

2022 жылы жәбірленуші Атырау қаласында пәтер сатып алып, сантехник маманымен танысқан. Ол болашақ жөндеуді талқылап, сенімге кіре отырып, жәбірленушінің тұрақ орнын сатып алу жоспары туралы білген. Сантехник маманында алаяқтық қылмыстық құқық бұзушылық пиғылы пайда болады: ол жәбірленушіні ұйым қызметкерлері арқылы тұрақ орнын жеңілдікпен сатып алуға көмектесетініне сендіріп, одан 400 мың теңге алдын-ала төлемдер алып, өзіне иемденген. Кейін ол оған келісім туралы бірнеше рет есіне салған.

Бір жылдан кейін ол тағы да сантехник маманына қоңырау шалып, тұрақ орны туралы есіне салып, мәселе шешілмеген жағдайда шағым түсіретінін ескерткен. Өзінің жүктілігі және одан әрі күтудің мүмкін еместігі туралы хабарлаған. Осыдан кейін сантехник маманы арызды рәсімдеу сылтауымен оған мас күйінде келген. Алаяқтықты жасыру үшін ол маска киіп, пышақпен қаруланып, жәбірленушіні зорлап, аса қатыгездікпен өлтірген.

Кейін ол пәтерді тінтіп, сейфті ашып, қомақты ақша мен зергерлік бұйымдарды ұрлап, көлік пен ұялы телефонды иемденген. Жалпы материалдық шығын 13 млн теңгеден асқан.

ТАРАПТАР НЕ ДЕЙДІ

Прокурор мен жәбірленушілер тарап сотталушыны кінәлі деп танып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазаын тағайындауды сұрады.

Қорғаушы тарап ҚК-тің 190, 120, 200, 188-баптары бойынша ақтап, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

СОТ ШЕШІМІ

Сотталушының кінәсі куәлардың, жәбірленушілердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, бейнежазбалармен, оқиға орнын қарау хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен расталды.

Сот сотталушыға жаза тағайындау барысында жеңілдететін мән-жайларды анықтамады. Сот қылмыстың мас күйінде жасалуын - ауырлататын мән-жай ретінде таныды.

Сотталушы айыптаудың барлық эпизодтары бойынша кінәлі деп танылды. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылу жазасына сотталды. Жәбірленушінің пайдасына материалдық және моральдық залал өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.