Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті әлеуметтік желілерде Қазақстандық кәсіпкер Алмаз Зариповтың жұбайының үндеуі таралуына байланысты ресми хабарлама таратты. Әйелінің айтуынша, күйеуінің қамауға алынуы «негізсіз» болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қылмыстық іс қалай қозғалды?
Ведомство дерегінше, қылмыстық іс Қырғызстан азаматының арызы негізінде қозғалған. Ол Алмаз Зарипов өзіне тиесілі 2,5 миллион долларды иемденіп кеткенін хабарлаған.
24.kg мәліметінше, тергеу барысында Зарипов Қазақстаннан Қырғызстанға астық жеткізіп, сатамын деп ақша алғаны, бірақ уәделерін орындамағаны және байланысқа шықпай кеткені анықталған.
Бұл дерек расталғаннан кейін Алмаз Зарипов Бішкекте ұсталып, ірі көлемде қаржыны иемденіп, талан-таражға салу бабымен айып тағылды. Сот тергеу жүретін мерзімге қамауда ұстау туралы шешім қабылдады.
Ведомство тергеудің Қырғызстан заңнамасына қатаң сәйкестікте жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Арнайы қызметтің мәліметінше, Алмаз Зарипов кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеуді бастаған. Осыған байланысты тергеу қамауда ұстау шарасын жеңіл түріне ауыстыру мүмкіндігін қарастыруда.
Кәсіпкердің жұбайының үндеуі әлеуметтік желілерде кең резонанс тудырды. ҚКК мұндай қылмыстық істер тек заң аясында қаралатынын, фигуранттың мәртебесі немесе азаматтығы шешімге әсер етпейтінін мәлімдеді.
– Біз заңдылық қағидатын берік ұстанамыз. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған әрбір жағдай объективті әрі әділ қаралады, – делінген ресми хабарламада.
ҚКК тергеу жалғасып жатқанын, түпкілікті шешім шығынның қаншалықты өтелетініне, тергеу нәтижесіне және соттың бағалауына байланысты болатынын хабарлады.
1974 жылы туған Алмаз Зарипов – ірі қазақстандық кәсіпкер, KazBrand компаниясының директоры, Қазақстан агроөнеркәсіп одағының президенті. Ол ауыл шаруашылығы және азық-түлік бизнесімен айналысып, жылдам дайындалатын кеспе мен дәнді өнімдер шығаратын зауыт іске қосқан. Сондай-ақ Қазақстандағы аграрлық форумдар мен салалық бірлестіктердің белсенді қатысушысы ретінде танылған.