Алматыда тұтас бір көшені жауын суы шайып, кемінде 13 көлік шұңқырға түсіп кетті. Тұрғындар жол жауын суына шыдас бермеді дейді. Тас жол опырылып түскенде кейбір тұрғындар көліктің ішінде болған. Ulysmedia тілшісі оқиға орнына барып жағдайды бақылап көрді.
Қорқынышты түн
Алматы тұрғыны Владимир Лубошников тас жол опырылып, құлағанда көлікпен Аманжол көшесіне кіріп келе жатқан. Сөзінше, ол көлікпен шығып үлгерген.
«Менің оң жақ дөңгелегім шұңқырға түсті. Бампермен жерге соғылып, ол сынып кетті. Артқа қарата жүріп үлгердім. Шегінген соң мен тұрған жер опырылып құлады. Қалай деп айтарымды да білмеймін. Барлығы қас қағым сәтте болды. Сасқалақтап, не істерімді білмей қалғанымда шұңқырға құлар едім», – деді ол.
Владимир Лубошников, Алматы тұрғыны
16 қыркүйек түнде әлеуметтік желіде Алматыдағы Аманжол көшесінде жол опырылып, бірнеше көліктің шұңқырға түсіп кеткені бейнеленген видео тарады.
«Көшеден жауын суы өзен сияқты ағатын»
Владимир Лубошниковтің сөзінше, Аманжол көшесінде бұрыннан арық пен жаңбыр суы үлкен мәселе болған.
«Олар мына жерді қазып, жөндегенде арық жүйесін бітеп тастаған сияқты. Бізде Жандосов көшесіндегі судың барлығы арықпен осында ағатын. Арық бітеліп қалғаннан кейін, су осылай қарата аққан сияқты. Тас жол төселген кезде бізде су көшеден өзен сияқты ағып жататын», – дейді Лубошников.
Әкімдік жауабы мен мердігер уәдесі
Аманжол көшесіндегі жөндеу жұмыстарын «Спецстрой Групп ЛТД» компаниясы жүргізген. Жердің опырылып құлауы салдарынан 13 көлік бүлінген. Қалалық әкімдік жол жөндеу жұмыстары газ құбырын тартуға байланысты кейінге қалдырылып, толық аяқталмаған.
«Qazaqgaz АҚ тапсырысы бойынша диаметрі 300 миллиметр (болат) газ құбырының жоспарланған құрылысына байланысты асфальтбетон жабынын қалпына келтіру уақытша кейінге қалдырылды. Мұндай шешім жол төсемінің қайта ашылуын және тұрғындар үшін қосымша қолайсыздықтарды болдырмау үшін қабылданды. Газ құбырын төсеу бойынша барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін жолды қалпына келтіру жоспарланған болатын», – деп хабарлады әкімдік.
Қазір көшені құрылысқа жауапты «Спецстрой Групп ЛТД» компаниясы тегістеп жатыр. Компания бүлінген көліктердің шығынын толықтай өтеп беретінін мәлімдеді. Қазір Аманжол көшесіне кіретін жол жабылған. Кейбір тұрғындардың көліктері жаяу жүргіншілер жолында тұр.
Алматыда нөсер жауған сайын көшелер су астында қалады. Тұрғындар қаланың арық жүйесі дұрыс жұмыс істемейтініне бұрыннан шағымданады.