Қазақстандықтарға зейнетақы өтілін сот арқылы дәлелдеуге тура келуі мүмкін

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан азаматтарының бір бөлігіне зейнетақы өтілін сот арқылы растауға тура келуі ықтимал. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин айтты. Мәжілісте архив ісіне қатысты заң жобасы бірінші оқылымда қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Анафиннің сөзінше, бұл жағдай мемлекеттік архивтерде деректері расталмаған азаматтарға қатысты болады. 1 қазаннан бастап ақпараттық жүйелердің интеграциясы іске қосылады. Соның арқасында еңбек өтілі туралы мәліметтер архивтерден автоматты түрде сұралады.

– Егер деректер цифрландырылған болса, ақпарат бірден шығады. Ал егер жоқ болса, өңдеу уақыты 15 күнге дейін созылады. Егер архив еңбек қызметін растамаса, азамат сотқа жүгініп, екі куәгерді тартып, өтілін солай дәлелдеуі қажет болады, – деді вице-министр.

ДЕПУТАТТАР НЕ ДЕЙДІ

Мәжілісмендер бұл мәселе халық арасында жиі көтерілетінін айтты. Олардың сөзінше, таратылған ЖШС мен жеке кәсіпкерлердің көпшілігі құжаттарды архивке өткізбеген. Соның салдарынан азаматтардың еңбек өтілі расталмай, болашақ зейнетақы мөлшеріне тікелей әсер етеді.

Депутат Вера Кимнің айтуынша, оның өз қолында да зейнетақы кітапшасы жоқ, ал архивке ешқандай құжат тапсырылмаған. Ал депутат Болатбек Нажметдинұлы:

– Егер жұмыс беруші құжаттарды тапсырмаса, бұл процесті кім бақылайды? Азамат өз құқығын қалай қорғай алады? – деген сұрақ қойды.

Министрлік өкілдері жұмыс берушілер жеке құрам құжаттарын 75 жыл бойы сақтап, ұйым таратылған жағдайда мемлекеттік архивке өткізуге міндетті екенін еске салды. Бұл талапты орындамағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.