Тәліптер Ауғанстанда интернетті өшіріп тастады

Сырым Қаржас
Getty Images

Ауғанстан билігі елдің солтүстігіндегі бес провинцияда — Құндыз, Бадахшан, Баглан, Тахар және Балх аймақтарында интернетті бұғаттағанын жариялады. «Талибан» бұл шара «күнәмен күресу үшін енгізілді» деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Интернет үйлерде, кеңселерде және бизнес-орталықтарда қолжетімсіз болады. Алайда мобильді интернет әзірге қолжетімді болып тұр.

АҚШ-тың Ауғанстандағы бұрынғы елшісі Залмай Халилзад бұл шешімді «абсурд» деп атады. Оның айтуынша, егер мәселе шынымен порнографияда болса, оны көптеген ислам елдеріндегідей сүзгілеуге болады. Бұл – талибандар 2021 жылы билікке келгеннен бергі алғашқы осындай шектеу. Бұған дейін олар қыздардың орта білім алуына тыйым салып, әйелдердің көптеген салада жұмыс істеуіне шектеу қойған.

КОНТЕКСТ

Адам құқықтарын қорғау ұйымдары Ауғанстандағы жағдайды гендерлік апартеид жүйесі деп атап отыр. Бұған қоса, елде әйелдерге сұлулық салондарына баруға, спортзалдарға кіруге тыйым салынған. Сондай-ақ, олар ер адамның ілесіп жүруінсіз саябақта қыдыра алмайды, өз бетінше саяхаттауға құқы жоқ, денесін түгел жауып жүруге міндетті және жұрт алдында сөйлеуіне рұқсат берілмейді.