Алматыда Денис Тен атындағы көше ресми бекітілді

Сырым Қаржас

Даңқты мәнерлеп сырғанаушының есімі қаладағы аты жоқ көшелердің біріне берілетін болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Кеше Алматы мәслихатының ХХХIV сессиясы өтті. Депутаттар 156 аты жоқ көшеге атау беруді мақұлдады. Оның ішінде 22 көше соғыс ардагерлерінің, тағы 15 көше белгілі тұлғалардың есімімен аталатын болды. Тізімге олимпиада жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, академик Әбдуәли Қайдар, археолог Карл Байпақов және басқа да азаматтар енген.

Сонымен қатар жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын аурулар мен дәрі-дәрмектер тізімі кеңейтілді. Сондай-ақ, қыста жолдарды күтіп-ұстауды жақсарту үшін қаланы абаттандыру қағидаларына өзгерістер енгізілді.

ДЕНИС ТЕННІҢ ҚАЗАСЫ

2018 жылғы 19 шілдеде мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді қатыгездікпен өлтіріп кетті. Қылмыс Алматының қақ ортасында, күндізгі уақытта болған: екі ер адам оның көлігінің айналарын ұрламақ болған, жанжал кезінде олардың бірі спортшыға пышақ салып, ол алған жарақатынан қайтыс болды.

ЧЕМПИОННЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ

Денис Тен — Қазақстанның мәнерлеп сырғанаушысы, жекелей сын бойынша өнер көрсеткен. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.

Ол 1993 жылғы 13 маусымда дүниеге келіп, 25 жасында қаза тапты. 1999 жылдан бастап коньки теуіп, төрт жылдан соң ЦСКА клубында жаттыға бастады. 2006 жылы, бар болғаны 12 жасында Қазақстанның ересектер арасындағы чемпионатында жеңіске жетті.

Тен Қазақстан тарихында тұңғыш рет ерлердің жекелей мәнерлеп сырғанаудан елге Олимпиадаға екі жолдаманы алып берген спортшы атанды.