Қазақстаннан Ресейге 34 дронды алып өтпек болғандар ұсталды

Сырым Қаржас
Фото: customs.gov.ru

Ресейлік «Сагарчин» шекара бекетінің маңында мобильді топ 34 ұшқышсыз ұшу аппаратын және бір квадрокоптерді тәркіленген. «ГАЗель» көлігі Қазақстаннан Башқұртстанға бет алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ресейдің Федералдық кеден қызметінің мәліметінше, тексеріс кезінде FPV-дрондар табылған. Олар бейнені нақты уақыт режимінде жеткізетін камералармен жабдықталып, бөлшектелген күйінде жасырылған. Сондай-ақ екі FPV-қанат «Ключ-Фортуна» да анықталған. Алайда тауарға ілеспе құжаттарда бұл жөнінде ешқандай дерек көрсетілмеген.

Жүкті алып жүрген ер адам дрондардың өзіне тиесілі екенін, оларды жеке бейнетүсірілімге пайдаланбақ болғанын айтқан.

Алайда сарапшының алдын ала қорытындысына сәйкес, тәркіленген техника арасында жүк көтеруге бейімделген екі ұшақ типті дрон, барлау мақсатындағы бір аппарат және шағын жүк тастауға арналған 32 ұшу құрылғысын жинауға болатын жиынтықтар бар екені анықталған.

ТӘРКІЛЕУ

Барлық бөлшек тәркіленіп, арнайы сараптама тағайындау мәселесі қарастырылуда. Кеден қызметі мұндай көлемдегі дрондардың жеке мақсатқа арналуы мүмкін еместігін және олардың азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін мәлімдеді.