Сарапшы: БҰҰ сессиясында Палестина мәселесі көп көтерілсе де, жағдай әлі тұрақталмайды

Динара Жарқынбек
Ulysmedia

Бүгін БҰҰ сессиясында Палестинаның мемлекеттік мәртебесі, халықаралық құқық және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау мәселелері басты тақырыпқа айналды.Сарапшылар бұл оқиғаларды егжей-тегжейлі талдап, Қазақстан Президентінің сөзінде қандай мәселелерге басымдық беретінін болжады.

Толығырақ

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, Палестинаны тану мәселесінде халықаралық деңгейде бірлік жоқ. АҚШ, Италия, Жапония және Германия әлі ресми түрде мойындамаған. Әбішевтің пікірінше, қазіргі жағдайда Израиль — де-факто ядролық держава, әлемдік байланыстары кең ел, сондықтан Палестинаның толық мемлекеттік мәртебесін тек Израильдің келісімімен ғана бекітуге болады. Дипломатиялық қысымды күшейту арқылы кейбір жағдайларды жұмсартуға болады, бірақ мәселенің толық шешімі әлі алыс.

-Мысалы, Жапония мойындамайды, Италия мойындамайды, Германия әлі мойындаған жоқ. Мұнда маңыздысы, Қазақстан дипломатиялық қатынастар орнатып қойған. Израиль де-факто ядролық держава және әлемдік байланыстары кең болғандықтан, оның келісімінсіз Палестинаның нақты мемлекеттік мәртебесін орнату мүмкін емес. Тек Израиль келіссе ғана жүзеге асады,-деді сарапшы. 

Ал, Саясаттанушы Дос Көшім тарихи тұрғыдан Палестина мен Израиль арасындағы қарама-қайшылықты еске салды. Ол 1948 жылдан бері екі жаққа бөлінген территория мәселесінің шешілмей келе жатқанын, бірнеше рет соғыс болғанын, ал араб елдерінің көпшілігінің Израильмен әлі күнге дейін соғыс жағдайында екенін атап өтті. Сонымен қатар, Көшім АҚШ-тың Израильді қолдауы халықаралық деңгейдегі даулы мәселелердің негізгі факторы екенін атап өтті. Оның айтуынша, Палестина мәселесі тек екі елдің емес, бүкіл халықаралық қауымдастықтың назарында болуы керек.

-Палестинаны әлемнің көптеген мемлекеттері мойындады, шамамен 150 мемлекет. Қазір тағы да кейбір елдер мойындауда, бірақ мәселе тек мойындауда емес. Израильдің БҰҰ шешімдерін мойындамауы ұйымның әлсіздігін көрсетеді. Израильдің негізгі тірегі — АҚШ.  Егер АҚШ Израильді қолдамаса, бұл мәселе шешілер еді,- деп түйіндеді. 

Саясаттанушылар: Тоқаев сессияда бірнеше басым бағытқа назар аударады

Ғазиз Әбішев пен Дос Көшім Президенттің мінберде көтеретін бағыттарын болжады. Олардың пікірінше, Тоқаев БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесін реформалап, халықаралық құқықтың үстемдігін нығайтуға және бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылады. Сондай ақ, ядролық қаруды шектеу арқылы әлемдік қауіпсіздікті күшейтуді қозғайды.  Экология мен су ресурстарын сақтауға, климаттық өзгерістер мен су тапшылығын шешуге мән береді.  Халықаралық сауда соғыстарын реттеу арқылы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуді қарастырады. Сондай-ақ 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарын іске асыру арқылы жаһандық дамуды қолдауға басымдық береді.

Контекст

Сарапшылар Қазақстанның позициясын тұрақты деп бағалап отыр. Елдің халықаралық аренада Палестинаны қолдау және БҰҰ жүйесін реформалау арқылы құқықтық нормаларды сақтау бағыты айқын. Алайда халықаралық деңгейде Палестинаның толық танылуы әлі де күрделі дипломатиялық жолдарды қажет етеді.