Германияда қазақстандық шенеунік ұсталды

Сырым Қаржас
фото: finpol.kz

Халықаралық іздеуде жүрген Мақсат Дүйсенов Германияда ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Халықаралық іздеуде жүрген Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсенов Германияда ұсталды. Бұл туралы ІІМ хабарлады. Нақтылай айтқанда, оны неміс құқық қорғау органдары ұстаған.

ҚР ІІМ Интерполдың Ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша ГФМ-нің Фюрт қаласында халықаралық іздеуде жүрген азамат Д. ұсталды. Іздеудегі тұлға Интерпол желісі бойынша халықаралық ынтымақтастық аясында неміс құқық қорғау органдары тарапынан анықталып, қамауға алынды, – делінген хабарламада.

КОНТЕКСТ

Дүйсенов ҚР-ның бас көлік прокуроры қызметін 2018 жылдың тамызынан 2019 жылдың сәуіріне дейін атқарды. Оны бұл қызметке Бас прокурор қызметінде болған кезде Қайрат Қожамжаровтың бұйрығымен тағайындаған. Еске сала кетсек, Қожамжаровтың өзі қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және қылмыстық жолмен табылған кірістерді заңдастыру ісі бойынша қазір тергеліп жатыр.