Дубайда Jimmy Choo сатып алған: Перизат Қайрат ісінде жәбірленушілер мәлімдеме жасады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Астанада Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорының негізін қалаушы Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның апелляциялық шағымы қаралып жатыр. Олар бұған дейін алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру айыптарымен сотталған болатын. Жәбірленушілер мен прокурор сот үкімін өзгеріссіз қалдыруды талап етіп, қорғау тарапының уәждерін негізсіз деп атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Апелляциялық шағымды судьялар Жарас Арыстанбеков, Нұрлан Баяхметов және Гүлнара Дәулешова қарауда. Перизат Қайрат пен оның анасын адвокат Асланбек Давлетьяров қорғап отыр. Ол сот үкімін жоюды талап етіп, істі азаматтық-құқықтық тәртіпте қарау қажет деді.

ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕР НЕ ДЕЙДІ

Сотта бірнеше жәбірленуші, банктердің өкілдері, «Асар Уме» қоры мен жекелеген азаматтар сөз сөйледі. Олардың барлығы сотталғандардың апелляциялық шағымын қанағаттандырмауды сұрады.

– Адвокат егер ақша өткізсеңіздер, онда сұрамаңыздар, ол енді біздің ақшамыз дейді. Бұл дұрыс емес. Прокуратура іс бойынша жәбірленушілер барын дәлелдеді. Әрбір демеуші берген қаражатының қайда жұмсалғанын білуге құқылы. Перизат қайырымдылық туралы заңды өзінің алаяқтық мақсатына пайдаланған. Ол ақша алған сайын өз пайдасына жаратқан. Бұл іс бойынша үш эпизод бар. Яғни әртүрлі кезеңдерде қайырымдылықты бүркемелеп, ақша иемденіп отырған. Сондықтан оның әрекеттері қылмыстық сипатта дұрыс бағаланған, – деді кәсіпкер Нұрлан Жүсіпбеков.

Блогер Олжас Садық та адвокаттың уәжіне қарсы шықты. Ол әлеуметтік желілер арқылы қазақстандықтардың көмегі ретінде 83,5 млн теңге жинап, оны Перизат арқылы Газаға жеткізуге бергенін айтты.

– Мен Перизат Қайратпен бірге Абу-Дабиге бардым. Ол өзін гуманитарлық жүк апара жатырмыз деп көрсетті. Бірақ біз Dubai Mall-ға барған кезде көз алдымда бірнеше люкс дүкеннен, соның ішінде Jimmy Choo және басқа да брендтерден заттар сатып алды. Мұны мен өз көзіммен көрдім, – деді Садық.

ПРОКУРОР НЕ ДЕЙДІ

Мемлекеттік айыптаушы Индира Жұмағалиқызы да апелляциялық шағымды қанағаттандырмауды сұрады. Оның айтуынша, Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваның кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және заттай дәлелдемелермен толық дәлелденген.

– Жәбірленушілерден түскен ақшаны Перизат Қайрат өзінің, анасының және басқа адамдардың есепшоттарына аударған. Қаражатты өз қалауы бойынша жұмсап, өзі мен анасына баспана, көлік, брендті заттар, сөмке, әшекейлер, аксессуарлар сатып алған. Қымбат қонақүйлерде демалып, шетелге шыққан. Меценаттардан түскен қаражат көлемі олардың мұқтаж жандарға көрсеткен көмегіне сәйкес келмейді, – деді прокурор.

СОТ ҮКІМІ

Өткен жылғы тасқын кезінде халықтың көмегіне жиналған қаражатты мақсатсыз пайдаланған Перизат Қайратқа сот 10 жыл, анасына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен болатын