Мәсімовтің бұрынғы серіктесі АҚШ азаматтығын алуға тырысып жатыр

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Кәрім Мәсімовтің бұрынғы көмекшісі әрі қаржылық сенімді адамы болған Айгүл Нұриева Дубайда миллиардтаған теңгеге бағаланатын пәтерге иелік ететіні және Тынық мұхитының ортасындағы Америка Самоасынан ықтиярхат алғаны белгілі болды. Бұл құжат оған АҚШ азаматтығын алу мүмкіндігін береді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Дубайдағы зәулім пентхаус

“Выход к морю” мәліметінше, жаңа деректерге сәйкес, Нұриеваның аты Дубайдағы Palm Jumeirah аймағындағы Al Dabas тұрғын үй кешенінде тіркелген екі қабатты пентхаусқа қатысты деректерде кездеседі. Бұл аймаққа қазақстандық элита өкілдері бұрыннан қызығушылық танытып келген. Назарбаевқа жақын тұлғалар мен бұрынғы премьер-министрлер Серік Ахметов пен Асқар Маминнің туыстары да осында жылжымайтын мүлік сатып алған.

Айгүл Нұриеваның пентхаусының жалпы аумағы – 490 шаршы метр. Үйде төрт жатын бөлме, бірнеше қонақ бөлме, жеті жуыну бөлмесі, үлкен асхана және қызметшілерге арналған жеке бөлме бар. Мұндай апартаменттердің нарықтағы құны шамамен 14,5 млн дирхам (2,2 млрд теңге).

Назарбаев дәуіріндегі мансап пен байлық

2000-жылдардың ортасында Нұриева Назарбаевтар әулетімен байланысты компанияларда менеджерлік қызмет атқарды. Аз уақыттың ішінде ол «Қазақтелеком» мен «Қазкоммерцбанк» сияқты ірі активтердің үлесіне ие болып, байлығы 1 млрд долларға жуық деп бағаланған. Соған қарамастан, ол ұзақ уақыт бойы Кәрім Мәсімовтің жеке көмекшісі болып қала берді.

Нұриева Мәсімовтің мүддесін қорғап қана қоймай, оның жеке қажеттіліктерін де бақылады. Мәселен, ол үшін спорттық жаттығу құралдарын сатып алу процесін өзі қадағалаған.

Дау-дамайлы келісімдер

Айгүл Нұриева аты бірнеше ірі жемқорлық дауларында аталған. Солардың бірі – «Қазақтелекомның» «GSM Қазақстан» (Kcell) компаниясындағы үлесін скандинавиялық TeliaSonera холдингіне 1,5 млрд долларға сатуы. Бірнеше айдан кейін Kcell Лондон биржасына 2 млрд долларға ғана бағаланып шыққан. Бұл сома компанияны сатып алу кезіндегі бағадан (3,1 млрд доллар) әлдеқайда төмен болды. Сарапшылардың айтуынша, бағаның айырмасы Мәсімов пен оның сенімді адамы Нұриеваға пайда әкелуі мүмкін.

Әлемдік жылжымайтын мүлік империясы

Қазақстаннан шығарылған қаражаттың бір бөлігі әлемнің әр түкпірінен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалған. Ұлыбритания, Франция және Гонконгта Нұриева өз атымен де, бұрынғы күйеуі Ғафур Ихсанның атымен де пәтерлер мен виллалар алған. Бұл жылжымайтын мүліктің жалпы құны 90 млн доллардан асады.

Оның қаржылық белсенділігіне шетелдік құқық қорғау органдары да назар аударған. Ұлыбританияда Нұриеваның істері арнайы қызметтің талқылауына түскен.

Паспорттар коллекциясы және АҚШ азаматтығына жол

Айгүл Нұриева әрқашан өзін сақтандыру үшін түрлі құжаттарға ие болған. Қазақстан азаматтығынан бөлек, ол Кипр паспортын, Ұлыбритания мен Гонконгтағы ықтиярхаттарды рәсімдеген. Жақында зерттеушілер оның қолында Америка Самоасының ықтиярхаты барын анықтады.

Бұл Тынық мұхитының ортасындағы АҚШ-қа қарайтын, бірақ инкорпорацияланбаған аумақ. Мұндағы резиденттік құжат салықтық жеңілдіктермен қатар, АҚШ азаматтығын алуға жол ашады. Егер ол азаматтық алса, Нұриеваны Қазақстан билігінің қайтаруы мүмкін болмай қалады.