Чехия ресейлік дипломаттар мен қызметтік паспорт иелеріне ресми аккредитациясы болмаса елге кіруге тыйым салатынын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы 30 қыркүйекте Чехияның сыртқы істер министрі Ян Липавский Х әлеуметтік желісінде хабарлады. Прагадағы үкімет оның бастамасын қолдады. Шектеу халықаралық әуежайларда қолданылады. Липавскийдің айтуынша, «диверсиялық операциялар жиілеп кеткен», сондықтан билік дипломатиялық мәртебе жамылған агенттердің елге кіруіне жол бермейді. Сондай-ақ ол Чехия бұл қадамымен басқа мемлекеттерге үлгі көрсеткісі келетінін айтып, Шенген аймағы деңгейінде де қатаң шараларды ілгерілетуге уәде берді.
ЕО ДЕҢГЕЙІНДЕГІ ШЕКТЕУЛЕР
DW мәліметінше, Чехия мұндай шектеулерді бүкіл Еуроодаққа таратуға ұсыныс жасаған. Бұл ұсыныс қазір Ресейге қарсы 19-пакет санкцияларының бөлігі ретінде қарастырылуда. Жаңа ережелер жобасына сәйкес, ресейлік дипломаттар ЕО елдерінің билігіне өз бағыты мен шекарадан өтуі туралы кемінде 24 сағат бұрын хабарлауы тиіс болады. Дипломаттар пайдаланатын көлік түрі, шекара бекеттері, сапар күндері туралы ақпарат беруге міндеттеледі. Егер сапар ұшақпен, пойызбен немесе автобуспен жасалса – тасымалдаушы мен маршрут көрсетілуі керек. ЕО-ның кез келген елі себеп түсіндірместен кіруге тыйым сала алады немесе қосымша шарттар қоя алады. Жаңа ережелер тек дипломаттарға ғана емес, дипломатиялық өкілдіктердің әкімшілік-техникалық персоналы мен олардың отбасыларына да қатысты.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін, 2024 жылдың жазында, Чехия ресейлік дипломаттар ЕО-да аккредитация алған жағдайда да Шенген аумағында еркін жүріп-тұру құқығына ие болмауы керек деп ұсынған еді. Politico басылымының мәліметінше, 2022 жылы Прага Ресейдің Украинаға басып кіруі мен 2014 жылы Врбетице қаласындағы жарылыстарға қатысы бар деген күдікке байланысты 70-тен астам ресейлікті елден шығарған.