Саясаттанушы Досым Сәтпаев кадрлық ауыс-түйістер мен даулы тұтқындаулар мемлекет мүддесіне сай келе бермейтінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бөліп ал да билей бер
– Үнемі тартыс болғаны маңызды. Олар бірігіп, күшейіп, мықты саяси топқа немесе жасырын ықпалды топқа айналып кетпеуі керек. «Бөліп ал да билей бер». Мұнда үнемі бәрінің бір-бірімен арпалысып отырғанында мүдде бар. Екіншіден, бұл ақпараттық тұрғыда өте әдемі көрінеді. Міне, бұны қамады, енді мынаны қамады. Бір топ «батыр» екіншілерін отырғызады. Кейін сол «батырларды» да түрмеге жабады. Нағыз конвейер. Халыққа шоу керек қой, – деді саясаттанушы YouTube-арнасындағы Airan-ға берген сұқбатында.
Кімнің мүддесі?
– Ең басты мәселе мынада: осы кадрлық өзгерістер, ауыс-түйістер, отставкалар мен қамаулар мемлекет дамуына, мемлекеттік мүддеге қалай әсер етеді? Бұл сот жүйесінің, Бас прокуратураның, полицияның тиімділігін арттыруға қалай ықпал етеді? Құқықтық мемлекет құруға қандай үлес қосады? Әрбір азамат осы құрылымдармен бетпе-бет келгенде, олардан қорықпай, өз құқығына сенімді болуы тиіс. Себебі бұл мекемелер оның салығынан қаржыландырылады. Бірақ қорқыныш әлі бар емес пе? Бұл – нағыз парадокс, – деп түйіндеді Досым Сәтпаев.
Контекст
Бұған дейін саясаттанушы Досым Сәтбаев Қазақстандағы бірқатар кадрлық ауыс-түйістерді түсіндіріп өткен. Ол елде стратегиялық тұрғыдан ойлайтын мемлекетшіл тұлғалардың орнын «сұр кардиналдар» мен жасырын ойын шеберлері басып келе жатқанын атап өткен.