Атом энергиясы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстандағы АЭС жобалары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Екінші АЭС Алматы облысында салынады
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, елдегі екінші атом электр станциясы оңтүстікте, Алматы облысында бой көтереді. Өйткені Қазақстанның оңтүстік аймағы – энергия тапшылығы бар өңір.
– Бұл энергиямен қамтамасыз етуде тұрақтылық қалыптастырады. Біз барлық тараптармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қытайдың CNNC компаниясын таңдау туралы түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Бірақ біз әрқашан CNNC-ті бірінші АЭС құрылысы аясында жасаған ұсыныстарына сүйене отырып, басым мердігер ретінде қарастыратынымызды айттық. Мердігердің жұмысына байланысты барлық мәселе шешім қабылдау кезінде толық ескеріледі, – деді Сәтқалиев.
Абай облысындағы АЭС жобасы
Ол сондай-ақ Абай облысында атом электр станциясын салу мүмкіндігіне тоқталды.
– Біз Абай облысында жобаны әзірлеу барысында ең кемінде шағын және орта модульдік реакторлар технологиясын пайдалануымыз қажет деп санаймыз. Олар аса қауіпті емес. Егер осы шешімге – Курчатовтағы реактор құрылысына келсек, онда бізде ашық әрі айқын процедура болады. Міндетті түрде қоғамдық тыңдау, Төтенше жағдайлар министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың қорытындылары, алаңды тексеру, халықаралық сарапшылардың қорытындысы және МАГАТЭ-нің мақұлдауы қажет. Айтпақшы, МАГАТЭ қазірдің өзінде келісімін берді. Қазақстанның ешбір өңірінде жергілікті халықтың пікірі ескерілмей АЭС салынбайды, – деп атап өтті ол.