Назарбаевтың немересі Әлиевтің шешімі туралы айтты

Сырым Қаржас
Фото: azattyq.org

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәлі Әлиев әкесі Рахат Әлиевтің «стратегиялық» шешімі туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Нұрали Әлиев Қазақстан 2002 жылы Еуропа футбол қауымдастықтары одағына (УЕФА) қосылғанын еске салды. Ол кезде жергілікті федерацияны оның әкесі – Рахат Әлиев басқарған.

– Сол кезде Мишель Платинимен Стокгольмде өткен келіссөздерді және оның 2005 жылы Алматыға алғаш келгені есімде. Ол кезде бәрі енді ғана басталған еді… Ал кеше мен орталық стадионда Чемпиондар лигасының матчын тамашаладым: біздің алматылық «Қайрат» УЕФА-ның ең атақты клубы – мадридтік «Реалға» қарсы ойнады. Мұның бәрі Алматыда! Сол сәтте мен ол шешімнің қаншалықты дұрыс болғанын шын сезіндім. Жылдар өткен соң ол өз жемісін беруде. Мақтанамын!, – деп жазды ол (автордың орфографиясы мен пунктуациясы сақталды).

РАХАТ ӘЛИЕВ

Әр жылдары Қазақстанның салық полициясының бастығы, ҰҚК мемлекеттік қауіпсіздік қызметі бастығының орынбасары, Австриядағы елші және сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2007 жылдың маусымына дейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваға үйленген. Ақшаны жылыстату, мемлекетке опасыздық жасау, сондай-ақ оппозиционер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен екі банкирдің өлтірілуіне қатысы бар деген айыптаудан қашу үшін елден қашып кеткен. 2015 жылғы ақпанда Вена түрмесінен өлі күйінде табылды. Өмірінде «Крестный отец» атты кітап жазып, Назарбаевтар әулетінің көптеген күмәнді құпияларына перде түрмек болған.

НАЗАРБАЕВТАР

Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтар әулетінің көптеген мүшелері елден кетуге мәжбүр болды. Атап айтқанда, экс-президент пен оның жақындары БАӘ-ге көшіп барған болуы мүмкін екені хабарланды. Журналистердің тергеу материалдарына сәйкес, Назарбаевтар ол жақта қымбат жылжымайтын мүлікке иелік етеді.